«Ибраһим пайғамбардың» есімі не мағынаны білдіреді?
«Ибраһим пайғамбардың» есімі не мағынаны білдіреді?
8 жыл бұрын 42334

«Ибраһим пайғамбардың» есімі не мағынаны білдіреді?

«Ибраһим» есімі ескі арамей тілінен бастау алады. Мағынасы – «Әбуль Жүмһур», яғни, «Халық әкесі» дегенге саяды. Ибраһим ныспының түпкі нұсқасы – «Ұлы әке», «Аса мәртебелі әке» деген мағынаны білдіретін «Абрам» есімінен шыққан деседі.  

Кей деректерде айтылғандай «Ибраһим» атауының иврит тіліне қатысы жоқ (Иври́т (עִבְרִית)– еврей тілі). Өйткені Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) туылған жері – Ирак өңіріндегі ертеректе бой көрсеткен «Кууси» есімді көне қала-тын. Аталмыш қаланың қазіргі таңда қираған үйіндісі «Тәллү Ибраһим» деп аталады - «Ибраһим төбешігі» деген ұғымда.

Сондай-ақ, Ибраһим есімін күрді тілінен туындаған дейтіндер де бар. Ибраһим есімі күрді тілінен аударғанда «бауыр» және «жартас» дегенге саятын «бәр» мен «һәм» сөздерінің қосындысынан тұрады-мыс. Осыған қарағанда, Ибраһим  атауы  - «жартастың бауыры» деген ұғымды білдіріп тұр. Бәріне белгілі болғандай, Ибраһимнің әкесі тастан қашап пұт жасайтын болған. Ендеше, «Ибраһим» деп аталуының да түп төркіні сонда жатса керек дейді олар.

Аталмыш есімді араб тіліндегі «бурһан (бәраһиин)» сөзімен байланыстыратындар да жоқ емес. Бурһан сөзі араб тілінен аударғанда, «бұлтартпас дәлел», «ашық айғақ» дегенге саяды. Оның көпше түрі – «бәраһиин». Сонда, Ибраһим есімі – «Бұлтартпас дәлел мен ашық айғақ иесі» дегенді білдіреді. Ардақты пайғамбар әр нәрсеге дәлел іздеп, әр нәрсенің түпкі себебін табуға талпынатын. Өз уақытындағы пұтперестермен сөз сайсына жиі түсіп, сенімдерінің түкке тұрғысыз екендігін ақылға қонымды ашық айғақтармен дәлелдеп беретін. Осыған орай, оған «Ибраһим» деген есім таққан деседі.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым