Харут және Маруд періштелері сиқыр үйреткен бе?
Харут және Маруд періштелері сиқыр үйреткен бе?
4 ай бұрын 1099

Ассаламуағалейкум! Бақара сүресіндегі «Харуд» пен «Маруд» деген періштелер жайлы айтып берсеңіздер? Олар әлі күнге дейін тірі ме? Олар адамдарға сиқыр үйрете ме, әлде сиқырдан қайтара ма? Садық Ақжол
Сәлеметсіздер ме! Харут пен Маруд періштелері не үшін жіберілген? Сәуле.

Уағалейкумуссалам, Садық!

Алла тағала Сүлеймен пайғамбарға адам баласына берілмейтін ерекше ілім бергені мәлім. Ол (ғ.с.) хайуандардың тілін түсініп, жындар оған қызмет ететін.

Алайда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманындағы яһуди дініндегілер Сүлеймен пайғамбардың әлгі ерекшелігін сиқыр деп білетін. Ислам Сүлейменді пайғамбар деп жариялады. Бұны естіген сол кездегі Яһуди дін басшыларының көбісі: «Мұхаммед Дәуідтің ұлын пайғамбар санап жүр. Аллаға ант етеміз, Сүлеймен пайғамбар емес, ол - сиқыршы еді», – десті. Бұл түсінікті жоққа шығарған мына аят түседі[1]:

«Сүлейменнің (ғ.с.) патшалығы кезінде олар шайтандар оқитын сиқырға ерді. Сүлеймен кәпір емес еді. Шайтандар – кәпір. Олар адамдарға сиқырды үйретті және Бәбилде  (Вавилон) Харуд және Маруд атты екі періштеге түсірілгенді де үйретті. Ол екі періште: «Біз – сынақпыз. Кәпір болма», – деп айтпайынша ешкімге үйретпейтін....»[2].

Осы аятта аты аталған Харуд пен Марудты «періште емес, Бәбилде өмір сүрген екі патшаның есімі» деп жорамал жасағандар бар[3]. Дегенмен періште екендіктері сөзсіз.

Әлгі екі періштенің түсу себептерін ғұлама Фаһруддин әр-Рази өзінің «Мәфатихул Ғайб» атты тәпсір кітабында тізбектеп өтеді. Солардың біршамасын беріп өтелік:

  1. Әлгі екі періште түсірілетін кезең сиқырлық белең алып, кең етек жайған заман еді. Ол кезеңде сиқыр ілімінің ақылға жат қырлары ашылып жатқан тұғын. Сиқыршылар өздерін «пайғамбармыз» деп жариялап, халықты соған нандырды.  Міне, осыдан кейін Алла тағала адамдарға сиқыр мен ақиқаттың ара-жігін айыруды үйрету мақсатында екі періштені жіберді. Осылайша халық жалған пайғамбарларға қарсы төтеп бере алатын еді.
  2. Пайғамбарларға берілетін мұғжиза мен сиқырдың айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен адамдардың көбі бұл айырмашылықты біле бермейтіні рас. Сиқыршылар да осыны пайдаланып, өздерін пайғамбар санатқысы келетін. Екеуінің ара жігін айыруды үйрету үшін Харуд пен Маруд періштелері жіберілген.  
  3. Бағзы заманда адамдар ғылым атаулының бәрін үйренуге талпынатын. Солардың ішінен сиқыр ілімі Алла тағала тарапынан тыйылды. Бірақ тыймастан бұрын сиқыр ілімі не, оның өзге ғылымдардан нендей айырмашылығы бар екендігін әуелі халық білуі шарт. Міне осы мақсатпен де әлгі екі періштені жіберген болуы мүмкін[4].

Осы санамалап өткендерімізге қосымша мынаны да айтуға болады: Бұл өмір сынақ. Алла тағала адам баласын және қоғамды әртүрлі жолмен сынайды. Кейде өліммен, кейде аштықпен, кейде байлықпен, кейде соғыспен т.б.  

Аталмыш екі періште арқылы да сол кезеңдегі адамдарды сынаған. Адамдарға дұрыс пен бұрыс айқын білінсе де, қайсысын таңдайды екен деген мақсатта әлгі екі періштені жіберді. Періштелер сиқыр ғылымымен айналысу күпірлік деп ескерткеніне қарамастан, кейбір рухани азған кісілер сол сиқырмен айналыса бастады.

Ал, енді ол екі періште қазіргі таңда адамдар арасында жүр ме, десеңіз, ол екеуінің адамдар арасында емес деуге негіз бар. Өйткені, жоғарыда келген аятта: «Олар (яһудилер) адамдарға сиқырды үйретті және Бәбилде  (Вавилон) Харуд және Маруд атты екі періштеге түсірілгенді де үйретті», -дей отырып, екі періштенің адамдар арасында тек белгілі бір уақытта ғана жүргендігі  меңзелген.


[1]Құртуби тәпсірі, Бақара сүресі 102 аят түсіндірмесі.
[2]Бақара сүресі – №102 аят.
[3]Құртуби тәпсірі, Бақара сүресі 102 аят түсіндірмесі.
[4]Фаһруддин әр-Рази, Мафатихуль ғайб, Бақара - №102 аят тәпсірі.

Абдусамат Қасым