Ерлі-зайыптылар пейіште бірге бола ма?
Ерлі-зайыптылар пейіште бірге бола ма?
10 жыл бұрын 14511

Ассаламуалейкум!
Мұсылман ер кісі мұсылман әйелімен бірге барлық өмірін Алла разылығы үшін арнаса, иншаАЛЛА қайтыс болғаннан кейін Мейірімді де Құдыретті Алланың қалауымен жәннатта бірге бола ма? Және бірге болулары үшін тағы қандай қосымша амалдар жасаулары керек? Осы сұрақты ашып айтып беруіңізді өтінемін! Алла разы болсын сізге! Айжан

Ассалаумағалейкум! Сіздерге көп рахмет, АЛЛАНЫҢ нұры жаусын! Сұрағым: Егер о дүниеге барған кезде ер кiсiге жұмақта хор кыздары берiледі деп естiдiм. Ал егер, жумақта хор кыздарын емес осы дүниедегі әйелін таңдаса,  Ислам шариғаты бойынша калай болады екен, сол жайында бiлгiм келiп едi? Алла разы болсын сiздерге! Али Әлденов

Уағалейкумуссалам!

Әуелі бірінші сұраққа қысқаша тоқталып өтелік, ерлі-зайыптылар бұл дүниеде Алланың бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылып жүрсе, Алла ризалығы үшін жақсылық жасаса, иншаАЛЛА жәннәтқа бірге кіріп, сол жерде де бірге болады. Бұл жайында Құранда былай делінген:

  • «Алла тағаланың ризашылығын ойлап сабыр еткендер, намазды толық оқитындар,  берген несібемізден жасырын, не ашық садақа бергендер жақсы істері арқылы күнәларынан тазарғандар. Олар қияметте табысты болады. (Ол табыс) Мәңгі жәннәтта қалу. Сондай-ақ, олармен бірге ата-аналырының да, жұбайларының да, ұрпақтарының да ізгі амал жасағандары жәннәтқа кіреді...»[1]

 

Тағы бір аятта:

  • «Сендер де, жұбайларың да жәннәтқа кіріңдер!, (Жәннәтта) Сендер шаттыққа бөленесіңдер!»[2].

Жоғарыда келген екі аяттың бірінде ерлі-зайыптыларды жұмаққа апаратын жол көрсетілсе, екінші аятта шынайы мұсылман ерлі-зайыптылар жәннәтта бірге болатынын баян етуде.

Екінші сұраққа келер болсақ, пейіште ер кісіге хор қыздарымен қоса осы дүниедегі жұбайы да беріледі. Бірақ, өзінің жұбайы  хор қыздарынан да өткен сұлу, олардан асқан әсем болатындығы риуаяттарда айтылған.

Әт-Табарани риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыздың жұбайларының бірі, мүминдердің анасы Үмму Сәләмә хор қыздары жайында сұрайды.

– Осы дүниедегі әйелдер абзал ма, хор қыздары ма?»

–Киімнің беткі жағы астарына (ішкі жағы) қарағанда әдемірек болады, сол секілді осы дүниедегі әйелдер де хор қыздардан да әсем болады», – деп жауап береді Пайғамбарымыз (с.а.у)

–Не үшін олай?

–Оқыған намаздары үшін, тұтқан оразалары үшін, жасаған мінәжаттары үшін Алла тағала олардың жүздерін нұрға бөлеп, тәндерін жібектей етеді. Түстері әппақ, киімдері жап-жасыл, әшекейлері сары, асыл тастары – інжуден, тарайтын тарақтары алтыннан. Олар былай дейтін болады: «Естеріңде болсын! Біз мәңгі боламыз, ешқашан өлмейміз. Ұмытпаңдар біз әрдайым қуаныш-шаттықтамыз, ешқашан ренжімейміз, ашуланбаймыз. Бізді алған ерлерге неткен қуаныш және бізге де неткен қуаныш»

–Уа, Алла Елшісі! Кейбір әйелдер осы дүниеде екі рет, үш рет, тіпті төрт рет тұрмысқа шығып жатады. Олар өлгеннен кейін онымен бірге бәрі жәннатқа кірсе, олардың қайсысы оның жұбайы болады?

–Уа, Үмму Сәләмә! Оған таңдау еркіндігі беріледі. Арасындағы ең әдептісін таңдайды да, Жаратушы Иеге: «Уа, Раббым! Мына кісі өткен дүниеде ең әдептісі еді, мені соған қоса гөр!», – деп тілейді.  Уа, Үмму Сәләмә! Көркем мінез екі дүние жақсылығын алады[3].



[1] Ар-Рағда сүресі – 22-23 аят.

[2] Зухруф сүресі – 70 аят.

[3] Әл-Һәйсәми, Мәжмағуз Зәуәид – 7/184, №11396 – хадис.

Абдусамат Қасым