Дініне берік христиан немесе яхуди пейішке кіреді ме?
Дініне берік христиан немесе яхуди пейішке кіреді ме?
2 жыл бұрын 3833

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Менде мынадай сауал бар: егер христиан дінін немесе яхуди дінін ұстанатын адам осы өмірде шыншыл, игі сүйер болса, бірақ өлелгенше өзінің дінінен ауытқымаса, о дүниеде қайда барады: тозаққа ма, әлде пейішке ме? Арман.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Құрметті Арман, біз адамның сыртқы көрінісіне, оның әрекетіне, ұстанымына қарай үкім береміз. Оның ішкі жан-дүниесі Аллаға мәлім. Енді сұрағыңызға келелік. Ислам діні мүлдем жетпеген яки жетсе де, өзінің шынайы келбетінде емес, бұрмаланған түрде жеткен әрі оны дұрыс тану мүмкіншілігі мүлде жоқ қоғамда өмір сүріп жатқан өзге дін иелерін Алла Тағала өзінің рақымына бөлейді деген үміттеміз. Ал Исламмен танысу мүмкіндігі бола тұра оған салғырт қарап, қырсықтық пен тәкаппарлыққа бой алдырып, өлелгенше Исламның соңғы дін екендігін мойындамай,  Мұхаммедті (ғ.с.) Алланың елшісі ретінде есептемей, ақиқаттығын қабыл етпесе, ол пейішке кірмейді[1]. Өйткені Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімде: 

«Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады», - дей келе о дүниеде пейіштік болу үшін Ислам дінін қабыл еткен болу керек екендігін баса айтуда.

Басқа бір аятта былай делінеді: 

«Шынында «Алла деген – Мәриям ұлы Иса ғой» деушілер, сөз жоқ кәпір болды. Иса Мәсих Исраил әулетіне: «Ей Исраил әулеттері! Менің және сендердің құдайларың Аллаға құлшылық етіңдер. Кім Аллаға серік қосқан болса, расында Алла оған пейішке кіруді харам етті. Оның орны тозақ оты. Залымдарға жәрдем етуші жоқ», - деген.  Расында: "Алла, үштің үшіншісі" дегендер кәпір болды. Құдай – біреу, одан басқа құдай жоқ. Егер олар айтқандарынан қайтпаса, әлгі кәпір болғандар қатты азапқа ұшырайды»[2]

Ардақты Пайғамбарымыз да өзінің бір асыл сөзінде бұл мәселеге қатысты былай дейді:

«Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етемін. Осы үмметтің ішіндегі кім, мейлі ол Христиан болсын, мейлі Яхуди болсын, мен тұралы естіп, бірақ мен арқылы жіберілген дүниелерге өлелгенше иман етпей өтер болса, ол тозақтық»[3]. 

Бірақ бұл өзге дін өкілдерімен өзара достықта, ынтымақтастықта өмір кешпеу керек дегенді білдірмейді. Мұсылмандармен бірге қоян-қолтық, тату-тәтті өмір сүріп, астыртын арам пиғылы жоқ өзге діндегі азаматтармен өзара сыйласып, оларды дос көрудің еш ағаттығы жоқ. Өйткені Құран Кәрімде:

«Алла тағала дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды»[4], – делінген»[5]. 

Бірнеше дін өкілдері тату-тәтті, сыйластықпен өмір кешіп жатқан біздің қоғамда алауыздық тудырмай, өзге діндегілермен сыйласып, олармен достық қарым-қатынаста болу – дініміздің бұйрығы. Осы жағын ұмытпау керек. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.

[1]Қайрат Жолдыбайұлы - Имани гүл. Алматы, 2011 ж.
[2]Маида сүресі, 72-73 аяттар.
[3] Сахих Муслим – Китабул Иман.
[4] Мүмтәхина – 8 аят.
[5] Әбу Заһра, Заһратут Тәфасир: Маида сүресі – 51 аят түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым