Бұрынғы пайғамбарлар намаз оқыған ба?
Бұрынғы пайғамбарлар намаз оқыған ба?
5 жыл бұрын 5862

Ассаляму алейкум! Сұрақ: Пайғамбар Мұхаммед (саллаллаhу алейhи уәс сәллем) алдыңдағы пайғамбарлар намаз оқыған ба? Қандай құлшылық жасаған? Сол жайлы нақты жауап болса! ЖаңаӨзен Алмаз.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1. Бұрынғы пайғамбарларға да намаз парыз болған. Оған Құран Кәрімде көптеген аяттар дәлел.

Мәселен, Ибраһим пайғамбардың дұғасын алалық. Ибраһим халилулла Аллаға жалбарынып былай деген: «Раббым мені намаз оқушылардан ет, әрі ұрпақтарымнан да».

Зәкәрия пайғамбарға қатысты мынадай аят бар: «Ол михрабта намаз оқып тұрған кезде періштелер оған дыбыстады»[1].

2. Басқа бір аятта, олардың намаздарының да біздегідей сәжде мен рүкуғтан тұрғандығын аңғарамыз. Аятта былай делінеді: «Ибраһим мен Исмайыл екеуіне: «Үйімді (Қағбаны) тауап етушілерге, итикафқа отырушыларға және рүкуғ, сәжде қылушыларға таза ұстаңдар» деп уәде алғанбыз»[2].

3. Біз сияқты, бұрынғы пайғамбарлар намаздарында қолдарын байлап тұратын болған. Бұған қатысты Алла елшісі: «Біз пайғамбарлар қауымы, ауыз ашарды асықтыруға, сәресіні кешіктіруге және намазда оң қолымызды сол қолымызға қойып тұруымызға әмір етілдік», - дейді[3].  

4. Намаздарын дәретпен оқитын болған. Ибраһим пайғамбардың жұбайы Сара анамыз бір залым біреудің қолына түсіп, ол оны шақырған сәтте Сара анамыз дәрет алып, намаз оқиды. Соның артынша Алла тағала залымнан оны қорғады[4].

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың дәрет ағзаларын үш реттен жуып болып: «Бұл менің әрі менен бұрынғы Алла елшілерінің дәреті» деп айтқандығы хадис кітаптарында келтіріледі[5].  

5. Бұдан бөлек, намаздарының ішкі парыздары мен сыртқы парыздары, уәжіп пен сүннеттері т.б. үкімдері болған ба, жоқ па, ол жайында егжей-тегжейлі мәлімет кездеспеген. Осы жерде бір айырмашылығын айта кетелік, бұрынғы пайғамбарлар намаздарын белгілі ғибадатханаларында ғана өтей алған болса, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті кезкелген жерде намаздарын оқи алу құқына ие. Бұған байланысты Алла елшісі былай деген: «Маған жер беті сәжде ететін жер әрі таза етілді. Менің үмбетімнен қай адамға намаз уақыты кірсе, намазын оқып алсын»[6].


[1] Әли Имран сүресі, 39 аят.
[2] Бақара сүресі, 125 аят.
[3] Имам Табарани: әл-Муъжәмуль Кәбир. №11485.
[4] Имам Бұхари.
[5] Ибн Мәжә. №420.
[6] Бұхари. Мүслим.

Абдусамат Қасым