Бесіктегі балаға сіріңке жағып немесе адыраспан тұтатып, аластап жатады. Шариғатта осындай нәрсе бар ма?
Бесіктегі балаға сіріңке жағып немесе адыраспан тұтатып, аластап жатады. Шариғатта осындай нәрсе бар ма?
8 жыл бұрын 54152

Әссәләмуғалейкум! Осы бесіктегі баланы сіріңке жағып, немесе адыраспан тұтатып т.б. заттармен аластау бар дейді. Осы рас па? Шариғатта бар ма?

Алла разы болсын! Азамат.

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аластау сөзінің түпкі мәні «алас», яғни, «от» деген мағынаны білдіреді.  

Аластау - оттың киелi қасиетiне сенуден пайда болған. Аластау қазақтар арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік* және тотемдік* наным-сенімге негізделді. Аталмыш рәсімді ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. Аластау – адамдарды бәле-жаладан, көз тиюден, сұқтан сақтайды деген мақсатта әртүрлі әрекеттер арқылы, оттың көмегімен атқарылады. От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты магиялық сөздер айтатын[1].  

Ендеше, сіріңке жағып бесіктегі баланы аластау ырымы - Ислам діні келмей тұрып, қазақ даласында белен алған отқа табыну немесе отты киелі санау нанымының жарықшағы десек қателеспеспіз. Қазіргі таңда аталмыш рәсім ішін-ара кездесетіні болмаса, жалпы алғанда, халық арасында көп таралмаған.

*«Анимистика» немесе «анимизм (лат. anima, animus — «жан» және «рух») – барлық заттың рухы бар, жаны бар (киесі бар) дегенді білдіреді. «Тотемизм» - рулық қоғамдағы адамдар тобынын шығу тегін жануарларға, өсімдіктерге немесе табиғат құбылыстарына байланыстыру негізінде қалыптасқан сенімдер мен әдет-ғұрып, салт-сананың күрделі жүйесі[2].

Шариғи тұрғыда

Шариғатта бесіктегі баланы сіріңкемен немесе адыраспанмен аластау деген рәсім жоқ. Оның орнына, ішінде Құран аяттары жазылған тұмарды тағуға болады десек қателеспеспіз. Өйткені, сахаба Абдулла бин Амр Пайғамбардан үйренген дұғаны сәбилерге тұмар етіп тағып, ересек балдарға жаттататыны хадис кітаптарында айтылады[3].


[1] «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». http://el.kz/
[2] https://kk.wikipedia.org/ 
[3] Тирмизи, Дағауат – 3528.
 Адыраспанмен аластау жайында мына сілтемеге кіріп оқып көріңіз: http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/adyraspanmen-alastauga-bola-ma-28/#gsc.tab=0 

Абдусамат Қасым