«Алла аспанда» дейтін сәләфиттер кәпір ме? Олай деулерінің астарында не жатыр?
«Алла аспанда» дейтін сәләфиттер  кәпір ме? Олай деулерінің астарында не жатыр?
4 ай бұрын 8063

1. Сұрақ: Əссəлəму ғəлəйкум уа раһмəттулаһи уа бəрəкəтуһ! Кей бауырлар Аллаһ қайда деген сұраққа "Аллаһ аспанда" деп айтады, алайда Аллаһ мекенсіз жəне заманға тәуелді емес десем, олар біз Аллаһ аспанда деп тура мағынасында айтып тұрғанымыз жоқ, аспан деген жоғары деген мағынаны береді, яғни бізден жоғары дейді, сондықтан Аллаһ аспанда деп жауап беруіміз дұрыс дейді. Осы қалай болады екен? Солай жауап берсе болама? Смағул

2.Сұрақ: Сәләфилер «Алла аспанда» дейді. Осылай дегені үшін кәпір бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Сәләфи бағытындағылардың «Алла аспанда» деген сөзінің астарында «әл-Ъулу» сенімі жатыр. Яғни, «Алла затымен (бизәтиһи) жоғарыда» деген ұғым. Бұған қатысты Ибн Усейминнің мынадай сөзі бар: 

«Алланың аспанда болуының (фис сәмә) мағынасы: «Аспанның жоғарысында (фауқаһә) деген ұғымға саяды...».

Басқа бір сөзінде ол былай деген:

«Алланың жоғарылығы екі бөлікке бөлінеді: 1. Мағнауи жоғарылық; 2. Зати жоғарылық. Мағнауи жоғарылықты, бүкіл құбыла иелері қабыл етеді. Ал, Зати жоғарылықты әһли сунна дұрыс десе (сәләфилер өздерін әһли сунна дейді), бидғат иелері жоққа шығарады. Олардың айтысы: «Шынында Алла Тағала затымен жоғарыда емес»[1].

Демек, сәләфилердің «Алла аспанда» деген сөздерінің астарында «Алла Тағала жоғарғы бағытта» деген ұғым жатыр. Ал, Алла Тағалаға тарап, бағыт беру өрескел қате. Өйткені, бұл - Құдай Тағаланың «қадим», яғни бастауы жоқ, соңы жоқ, мәңгі деген сенім негізіне сызат түсіреді. Мекен де, жоғарғы тұс да жаратылмай тұрып Алла бар еді. Алла жоғарғы тұста десек, бұл - бұрын болмаған тұсты жаратып өзі сол тұстан табылды дегенге саяды. Осылайша, Жаратушының бір халден, екінші халге өзгергендігін көлденең тартқан боламыз. Бұл – күпірлік. Өзгеру сипаты жаратылғандарға тән нәрсе. Төрт мәзхаб имамдарың төртеуі де Алланың бағыты жоқ деген. 

«Алла аспанда» дегені себепті кәпір бола ма?

Ал енді, «Алла аспанда» дегені себепті кәпір бола ма? – дегенге келер болсақ, біріншіден - дініміз құбыла иесін кәпірге шығаруға асықпауға шақырады.

Екіншіден, салафиттер «Алла аспанда» дейтін бұндай түсінікке - кейбір мүтәшәбиһ Құран аяттардың сыртқы (захир) мағынасын тіке түсінулері салдарынан әрі кейбір әлсіз ахад хадистерді сенім негіздеріне арқау етулерінің салдарынан барған болулары мүмкін. Ал, аят пен хадистерді қате тәпсірлеп, сол себепті әлдебір қате тұжырым қалыптастырған адам  - адасқан және теріс пікірдегі адам, бірақ кәпір емес. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Имам Ағзам Әбу Ханифаның (радияллаһу анһу) аятты қате жорамалдағандарға қатысты айтқан мынадай сөзін бере кетелік.

Имам Ағзам бір сөзінде былай дейді:

 «إِنَّهُ لَا يكفر لِأَنَّهُ مُؤمن بالتنزيل ومخطىء فِي التَّفْسِير الخطا فِي التاويل لَا يكفر بِهِ الْمَرْء»

«Ол кәпір емес. Өйткені, аяттың түскеніне сенеді, бірақ тәпсірінде қателесіп тұр. Аяттың тәуилінде (жорамалдауында) қателескен адам кәпір болмайды»[2].  

Алайда, сәләфилер «Алла аспанда» деу арқылы «Алланың мекені бар» екендігін дәлелдегісі келсе, онда ол кәпір болады. Бұған қатысты Ханафи ғалымдары былай деген:

ولو قال :” الله تعالى في السَّماء ” فإنْ قَصَدَ به حكايةَ ما جاءَ فيه ظاهرُ الأخبارِ فلا يَكْفُرُ وإنْ أرادَ به المكان يكفر

«Алла Тағала аспанда» деген адамның олай деуіндегі мақсаты, риуаяттардың сыртқы (тікелей) мағынасында білдірілгендерді айту болса, ол кәпір болмайды. Алайда, ондағы мұраты - «Алланың мекені бар» дегендік болса, онда кәпір болады»[3].  

Қорытынды:

Қорытындылай келе, Алла – ұлық. Ол – әр нәрседен биік. Оның «әл-Алии» сипаты бар. Оның дәрежесі барлық нәрседен биік тұрары сөзсіз. Бірақ, Ол «жоғарғы тұста» емес[4]. «Жоғарғы тұста» немесе «төбеде» орналасқан десек, Жаратушыға тарап берген боламыз. Ал, Аллаға тарап беруді ертеректегі ғалымдарымыз – күпірлік деген.

Біз жоғарыға қол жайып, дұға ететін болсақ, онымыз - Жаратушы Иеміздің ұлықтығының нышаны. Асқақ мәртебесенің белгісі. Аспанда орналасқан дегендік емес. «Лә мәкән» деп жырлап өткен Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде Алланы аспанда деудің қате екендігіне ишара еткен.  

Алла Тағаланың мекені жоқ, сондай-ақ, ешқандай тұста емес дегенге хадистен де дәлел келтірер болсақ, «Сахих Мүслимде» риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың мынадай дұғасы бар:   

«Сен - Зоһирсың (көрнеуді көріп-білуші). Жоғарыңда еш нәрсе жоқ. Сен - Баатинсың (көместі көріп-білуші). Төменіңде еш нәрсе жоқ»[5].

Осы хадисте айтылғандай, Құдай Тағаланың жоғарысында да, төменінде де еш нәрсенің жоқ болуы – Оның мекені жоқ, тұсы жоқ екендігінің дәлелі.  

Осы орайда айта кету керек, еліміздегі сәләфи бағытындағылардың бізге қарасты көп айтатын бір сөзі бар. Олар: «Сендер Әбу Ханифаның жолында емессіңдер. Әбу Ханифаның ақидасын ұстанбайсыңдар» дейді. Ал, енді Алланың әлдебір тұста деу мәселесіне қатысты Имам Ағзам былай деп өтеді:

«Жәннәт жұртшылығына Алла тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия),  еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес)»[6].

Имам Ағзам бұ дүниеде тұрмақ, о дүниенің өзінде Алла Тағалаға бағыт (тұс) беруге қарсы болған. Осыдан-ақ, кімнің ақидасы Имам Ағзамның ақидасына сәйкес емес екендігін байқауға болады.

Ендеше, Алла аспанда деу қате тұжырым. Оның астарында Алла жоғарғы тұста орналасқан деген күпірлікке жетелер пікір жасырулы. Төрт мәзхаб имамдарының төртеуі де (Имам Азғам, Имам Мәлик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад Алла олардан разы болсын) Алла Тағалаға бағыт беруді (Алла пәлен бағытта деуді) күпірлікке балаған. Мулла Алиюль Қари былай дейд:

«Алдыңғы және кейінгі буын ғалымдардың көпшілігі Алланың тұсы бар деп сенушіні кәпір деген. Бұл жайында Қирафи ашық айтқан. Және оның айтысына қарағанда, бұл – Әбу Ханифаның, Мәлик пен Шафиғидың, Әшғари мен Бақиланидың сөздері»[7]

Сол себептен, әр мұсылман ондай түсініктен өзін алшақ ұстағаны дұрыс.

Әлһамдулиллаһи раббиль алямин.


[1] Мәжбуғату Фәтәуә уә расәили Ибн Усеймин
[2] Имам Ағзам: әл-Фиқһуль Әбсат.
[3] Фәтәуә әл-Һиндия – 2/282 бет.
[4] Имам Әбул Юср әл-Бәздәуи: Усулуддин – 40 бет.
[5] Сахих Мүслим - №4894 хадис.
[6] Имам Ағзам: әл-Уәсия. 12 қағида.
[7] Мулла Алиюль Қари: Мирқат 

Абдусамат Қасым