«Ахмадия» ағымындағылар мұсылман ба?
«Ахмадия» ағымындағылар мұсылман ба?
2 жыл бұрын 3925

Ассаламуғалейкум! Бір жігіт  «Иса пайғамбарды өлген, ол қайта келмейді» - деп маған жаза береді. Сұрасам Имам Мәхдидің шәкіртімін, Мұсылман Ахмадимін дейді. Ондайлар да бар ма?  Нұркен Исаев

Уағалейкум әссәләм, Нұркен! Ахмадия – XIX-ғасырдың соңына таман (1880) Үндістан жерінде пайда болған ағымның аты. Құрушысы Мырза Ғұләм Ахмад (1835—1908 ж.ж.) деген адам. Аталмыш ағымның басқа бір атауы «Қадияния» болып табылады.

Мырза Ғұләм Ахмад пәк Исламның сенім негіздеріне теріс келетін көптеген пікірлерді көлденең тартты. Атап айтсақ, ол өзін қиямет жақындағанда келетін Мәһдимін[1] деді. Ол «Фәтхуль Исләм» атты кітабында Мәһди екендігін былай жария етеді:

«Ей адамдар! Егер, өздеріңді иманды және діндар деп есептейтін болсаңдар Аллаға мадақ айтып, шүкір сәждесін жасаңдар. Себебі, ата-бабаларың зарығып күткен заман келді. Сендер сол заманға дәл келдіңдер. Осы нығметтің қадірін біліңдер. Мұндай мүмкіндікті қолдан жіберіп алмаңдар. Қайталап айтамын, күмәнсіз мен сол адаммын. Ақиқатты биіктету үшін және мына дінді адамдардың жүрегіне жаңадан орнықтыру үшін жіберілген адаммын».

Бұнысымен қоймай ол өзін пайғамбар деп жариялап, Алладан тікелей уахи[2] алатынын да айтты:

«Мен пайғамбарлығымды мына негіздермен байланыстырамын: Алламен сөйлесу нығметіне бөлендім. Шынында Алла менімен көп сөйлесті. Және менің айтқандарыма жауап қайырды. Сондай-ақ, маған ғайып әлемінің көптеген сырларын ашты... Осы жағдайлардан кейін мені «пайғамбар» деп атады. Яғни, Алланың бұйырығы және шығарған қаулысы бойынша, мен пайғамбармын...».

«Ахмадия ағымының дәйектеріне қосымша» атты еңбегінде: « «Мұхаммедтен (с.а.у.) кейін уахидің есігі мәңгілікке жабылды» деген сенім негізсіз әрі дәйексіз...», - дей келе уахи тек Пайғамбарымызбен шектелмегенін алға тартса, «Бағалы жақұт» атты кітабында: «Мен Алладан уахи естимін. Алла қателіктен пәк.Маған түсірілген аяттар да Құран секілді қатесіз. Аллаға ант етейін, мен осыған сенемін. Аллаға ант етейін, күмәнсіз бұл Алла сөзі. Ол таза әрі жалғыз Алланың тілімен айтылды», - деп Жаратушыдан уахи алатынын ашық баяндаған.

Өзінің сөзін дәйекті етіп көрсету үшін Құран Кәрімдегі кейбір аяттарды алып, арасына өзінің сөздерін қосты. Содан оны «уахи» ретінде елге ұсынды. Мысал берер болсақ:

«Ей, Адам! Сен және жұбайың екеуің пейіште өмір сүріңдер. Уа, Мариям! Сен және сенің жарың екеуің пейіште тұрыңдар. Уа, Ахмад (Ғұләм)! Сен және сенің жұбайың екеуің жәннатта өмір сүріңдер». (Уахи Муқаддас кітабынан.)[3]. 

Ахмадия ағымы жоғарыда келтірілгендерден басқа да өрескел сенімдерге бай. Солардың кейбірі төмендегідей:

  • Рухтың көшетіндігі (реинкарнация) ақиқат.
  • Алла тағала да ораза ұстап, намаз оқиды, қателеседі. (Астағфирулла)
  • Мұсылмандар қажылық парызын өтеу үшін тек Меккеге ғана емес, Ғұләм Ахмадтың туған жері Қадиянға барулары керек.  
  • Қасиетті мекендер үшеу. Олар: Мекке, Медине және Қадиян.
  • Қасиетті кітап «Китабуль Мубин» деп аталады. (Ол Құран емес).
  • Қадияниялықты қабыл етпеген адам мұсылман емес[4].

Қорытынды:

Аталмыш ағымның сорақы нанымдары Исламның сенім негіздерімен еш үйлеспейтіндіктен мұсылман ғұламалары, оның ішінде "Бүкіл әлемдік Ислам фиқһ Ұйымы", Мырза Ғұләм Ахмад және оның ізбасарларын Исламнан шықты, яғни «мүртәд» болды деген пәтуа бекітті[5]. Демек, Ахмадия ағымын ту ететіндер мұсылман емес.   


[1] Мәһди, Мәди, Мәді (араб.: المهدي‎ — дұрыс жолға бастаушы, Алланың жолымен алып жүруші) — діни сенімде болашақта өмірге келетін діни қайраткер. Ислами түсінікте ол ақырзаман таянғанда дүниеге келеді.
[2]Уахи. Қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) Уахи жолымен түскен.
[3] Доктор Ъамир ән-Нәжжәр: фи мәзәхиби әл-Исләмия, "әл-Қадияния". Каир. 2003 ж.
[4] http://ar.islamway.net/article/1830
[5]http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/2-4.htm#_ftn1
Ахмадия мәзхабы жайында қазақ тілінде қосымша мәлімет алғыңыз келсе, мына еңбектерді оқысаңыз болады: С.Сеитбеков «Мәзһабтар тарихы»; http://e-islam.kz : «Ахмадия жамағаты мұсылман ба?».

Абдусамат Қасым