«Аффирмация» айтып жүру шариғатқа қайшы ма?
«Аффирмация» айтып жүру шариғатқа қайшы ма?
3 ай бұрын 3644

Ассаламу алейкум! Аффирмация айтып жүруге шариғат қалай қарайды? Абай Орынбаев.

«Аффирмация» теориясы - әлдебір армандаған жақсылықты күнделікті қайталап айтып жүрсе, онысы уақыт өте келе шындыққа айналып, армандағаны орындалады деген түсініктен туындайды.

Аффирмация теориясын ең алғаш рет көлденең тартқан XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Эмиль Куэ атты франсуздық психолог екен (1857-1926 ж.). Алайда, ол теория Луиза Хей (1926-2017 ж.) атты аммерикалық психологтың арқасында дамып, танымалдыққа ие болғанға ұқсайды.  

Өзін-өзі сендіру, өзін-өзі иландыру (самовнушение) негізіне сүйенетін аффирмация түсінігі «мысли материальны» дейтін пәлсафадан бастау алса керек. Не ойласаң, сол болады. Сол себепті, жақсы әрі позитивті дүниелерді ойлау керек, оны өз түйсігіне қабылдатып, ажырамас бөлігіне айналдыру үшін күнделікті қайталап отыру керек.

Ендігі жерде, аффирмация теориясы Исламға қайшы ма? Дінімізде аффирмацияға сеніп, оны күнделікті іске асыруға бола ма?

Бұған жауап ретінде айтарымыз, жалпы алғанда Исламда позитивті ойларды ойлау, позитивті нәрселерді айту құп көрінген. Ал, негізсіз негативті ырым-нанымдармен санамызды шаршатпауға шақырады.

Бұны Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның: «Исламда Тияра жоқ (طِيَرَةٌ-жаман ырымға балау жоқ). Ең жақсысы - Фә’л (فَأْل)»,- деді. (Сонда қасындағылар): «Фә’л деген не?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Сендердің әрбіреуіңнің еститін - жақсы сөз»,- деген хадисінен[1] немесе «Пендем мені қалай ойласа, мен сондаймын» дейтін құдси хадистен[2] түсінуге болады.

Немесе «Аллаға жəне ақырет күніне сенетін адам жақсы нəрселер айтсын, болмаса үндемесін»[3] – деп бұйырған хадистің де бір мағынасы сол десек қателеспеспіз.

Басқа бір хадисте жақсы тілектің маңыздылығына ишара ете келе: «Жаназаға барғанда жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында, періштелер айтқандарыңа «әмин» деп тұрады», -дейді. Яғни, өзімізге қатысты болсын, өзгеге қатысты болсын, жақсы тілектерде болып жүруіміз керек. Өйткені сол сәттерде періштелер «әмин» деп, тілегіміз орындалуы мүмкін.  

Бірақ, Исламда әр нәрсе Алланың қалауымен болады. "Құдайдың қалауынсыз қурай да сынбайды" деген нақыл сөз содан қалған. Мұсылман «әр нәрсе Алладан» деп сенеді. Сол себепті, «әр нәрсе Алланың қалауымен болады, Алла қаламаса болмайды» дейтін сенім негізінде позитивті нәрселерді айтып жүрсе, оның діни тұрғыда еш ағаттығы жоқ. Мәселен, «ИншаАлла, үйім болады», «ИншаАлла, көлік аламын», «Алла қаласа, жазылып кетемін» деген сияқты. (Аффирмацияда осы шақта айтылу керек екен).

Ойдағы жоспарларымыз Алла қаласа жүзеге асады, Алла қаламаса жүзеге аспайды. Жүзеге аспаған күннің өзінде мұсылман қайғырмайды, өйткені жоспарымыздың жүзеге аспауының астарында біз үшін бізге белгісіз жақсылық жатқан болуы әбден мүмкін. Бұл да позитивті ой. 

Осындай сеніммен жақсы, позитивті армандарыңызды айтып жүрсеңіз, оның күнәсі жоқ.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] «Сахих Бұхари». Тыбб.
[2] «Сахих Бұхари» - №7405; «Сахих Мүслим» - 2675.
[3] «Сахих Бұхари»; «Сахих Мүслим».

Абдусамат Қасым