Әбу Ханифаның «иман артпайды және кемімейді» деген сөзі бар ма?
Әбу Ханифаның «иман артпайды және кемімейді» деген сөзі бар ма?
10 жыл бұрын 5224

Ассаламу алайкум! Менің естуім бойынша Имам Абу Ханифа «иман артпайды және кемімейді» деген екен, осы рас па? Рас болса оның  себебін түсіндіріп кетесіз бе?  Осман.

Уағалейкумуссалам, Осман! Ұлық Имамның бұлай айтқаны рас. Әбу Ханифа бойынша: иман (сенім) дегеніміз – бұлтартпас дәлелдермен бекітілген діни негіздерді тілмен айтып(иқрар), жүрекпен бекіту, растау (тасдық).  Ал, жүрекпен растауда кему не арту болмайды. Бұл мәселені Ұлық Имам былай түсіндіреді: «Иман (сенім) артпайды да, кемімейді де! Олай болған себебі, сенімі артты десек, онда іштегі күпірлігі (сенімсіздігі) толық жойылмады деген боламыз. Ал, кемиді десек,  күпірлігі артқан болады. Адам қалайша жартылай – кәпір, жартылай – мұсылман болуы мүмкін? Негізінде иман еткен адам – күмәнсіз сенген адам...», - дейді ғұламаМүтәкәллим[1] ғалымдардың басым көпшілігі осы пікірде. Олардың айтуы бойынша: «Иманның өзі кемімейді де, артпайды. Оның артуы – күмән мен сенімсіздікті білдіреді»[2].  Мысалы біреудің Құранның ақиқаттығына сенімі артты деу, оның алғашқы иманында күмән бар еді дегенмен пара-пар.

Десе де, сапа жағынан иман артады және кемиді. Мұны жүректегі тақуалық пен ықылас, ынтаның әлсіздігі мен қуаттылығы жағынан қараған дұрыс. Тақуа жанның жүрегіндегі иман нұры өзгемен салыстырғанда қуаттырақ. Осы тұрғыда кейде мұсылмандардың «иманым әлсіреп кетті» деуінің себебі осында. Ал, дін негіздерін жүрекпен растап, бекітуі тұрғысында барлық мұсылман бірдей. Имам Мұхаммадтың мына сөзі осыны мензейді: «Әлдекімнің: «менің иманым Жәбрәйіл періштенің иманы сияқты» деген сөзін құптамаймын.  Бұның орнына «Жәбрәйіл періштенің иман еткен нәрселеріне мен де иман еттім» деуі орынды», - дейді ғұлама. [3].

[1] Ақида ғылымының маманы
[2] Фатауаль Имам ән-Нәуауи – 268 бет.
[3] Алиюль Қари, Шархуль Фиқхиль Әкбәр, 250-260 бет. 1998 ж. Любнан.; Тафтазани, Нәсафи ақидасының шархы, 77 бет.

Абдусамат Қасым