Түсіктен кейінгі қан нифасқа жата ма?
Түсіктен кейінгі қан нифасқа жата ма?
3 жыл бұрын 1036

Ассалямуалейкум уа рахматуллаһ! Раббым сіздерге разы болсын! Сіздерге қояр сұрағым, жақында маған операция жасалған болатын, яғни іштегі 3 айлық шарана өліп, соны алып тастады. Содан кейін келген қан нифасқа жата ма? Намаз оқи берсем бола ма? Жауаптарыңызға алдын-ала рахмет.  Наз.

Уағалейкумуссалам  рахматуллаһи уа бәракәтуһ! Наз. ханым, түсіктен кейінгі келген қанды «нифас қаны»[1] деп есептеуіміз үшін шаранаға қараймыз. Егер түсіктің саусақтары не шаш-тырнақ сияқты ағзалары қалыптасқан болса, одан кейінгі келген қан – нифас қаны.

Ал, егер қалыптаспаған болса, одан кейінгі қанды «нифас қаны» деп шариғатта есептемейді. «Бұл жағдайда келген қанның үкімі не?» дейтін болсаңыз, ол жайшылықта келіп жүретін хайыз (етеккір) уақытына сәйкес болса,  қанды хайыз үкіміне жатқызамыз. Хайыз және нифас үкіміндегі әйел намаз оқымайды.

Егер хайыздың уақытына сай келмесе, ол үзір қаны[2] есебінде жүреді[3].  Яғни,  әр намаз уақытына дәрет алып тұру керексіз.  

[1] әйел адам босанған кезде жатырынан келетін қан
[2] Үзір қаны - құрсақтан емес, дененің бір тамырынан ағатын қан. Балиғат жасына жеткен әйелдің үш күннен аз, он күннен артық аққан қаны хайыз қаны емес, үзір қаны болып табылады. Нифас болған әйелдің қырық күннен кейінгі және жүкті кезіндегі қаны да үзір. (Ислам ғылымхалы - 70 бет)
[3] Әл-Фатауаль Һиндия – 1/42 бет.

Абдусамат Қасым