Шариғатта боянудың үкімі қандай?
Шариғатта боянудың үкімі қандай?
3 жыл бұрын 2435

Шариғатта әйел кісінің өз ері үшін сәнденіп, сұлу және әдемі көрінуге тырысып боянуы – ұнамды іс.  Ал бөтен еркектің назарын өзіне аудару үшін боянуға Ислам діні тыйым салады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Әйелдерге айт!... Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, ...әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады...»[1].  Аталмыш аяттағы «әз-Зинату» сөзінің мәнін зерттей келе әйгілі тәпсірші ғалым Мухаммәд әл-Құртуби (р.а.): «Зейнет екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі түр-сипатының әсемдігі сияқты табиғи зейнет. Екіншісі киіну, бояну, сүрме жағу яки әшекейлер тағу сияқты жасанды зейнет»[2], – деп бояну да аяттың аясына кіретіндігін ұғындырып отыр. Ендеше тек құдай қосқан қосағыңызға арнап боянып, макияж жасау ұнамды іс. Өкінішке орай бүгінгі қоғамда әйел кісілерде өз еріне емес тек көшеге шығарда бояну керек деген түсінік қалыптасқан.  Көшедегі боянып жүрген қыз-келіншекті көрген отағасы, үйіне келгенде, өз әйелінен де сондай әдемі түрде көргісі келететінін қаперден шығармаған дұрыс. Сондықтан да, мұсылман әйел-келіншектерге айтарымыз: Әйелдің ең басты мұраты Алла тағаланың, содан соң өз күйеуінің разылығын табу. Олардың мәнгі өмірде бақытты болуы басқаға емес, күйеуіне жағумен тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.

[1] Нұр сүресі, 31 аят.
[3] Құртуби тәпсірі, Нұр сүресі, 16 аят түсініктемесі.

Абдусамат Қасым