Мұсылман қызға «Мехенди» рұқсат па?
Мұсылман қызға «Мехенди» рұқсат па?
10 жыл бұрын 22227

Мұсылман қыздарына қына жағуға бола ма? Яғни «МЕХЕНДИ» рұқсат па? Мира Миллер.

 

«Мехенди» деп – қынамен денеге салынатын әдемі суреттерді айтамыз.

Әйелдердің қолдарына, аяқтарына қына жағудың күнә емес екендігі жайында ғалымдар арасында талас жоқ. Себебі, Пайғамбарымыздың көптеген хадистерінде әйелдерге қына жағуға кеңес береді. Сондай бір хадисте Алла елшісі бір әйелге: «Қолыңды (қынамен) боя. Сендердің араларыңда кейбіреулер қолын боямай, еркектің қолы секілді жүре береді екен»[1], – деп ескерту жасаған. Яғни, әйелдің қолы еркектің қолындай дөрекі емес, нәзік, сүйкімді болуы тиіс екендігін меңзеген. Содан кейін әлгі әйел сексен жасына дейін қолын қынамен бояп жүрген екен.

Дегенмен, Шәфиғи мәзхабында қынамен тек тұрмыстағы әйел ғана бояйды. Ал бойдақ қызға бояу – мәкруһ. Мәлики мәзхабы мен Ханафи мәзхабында тұрмыста болсын, болмасын қынамен бояуына рұқсат. Бұл жалпы бояу мәселесіне қатысты. Яғни, нақыштап, оюлау емес.

Ал қынамен нақыштап, түрлі оюлар салу мәселесіне келсек (мехенди), егер күйеуі рұқсат берсе, тұрмыстағы әйелге болады дейді ғалымдар[2].

ЕСКЕРТУ: Қазіргі таңда қанық түс болуы үшін қынаға парафенилендиамин қоспасын қосып жатады. Бұл қоспаның әсерінен кейде түрлі аллергиялық аурулар тууы мүмкін. Сол себепті, мұндай бояуларды пайдаланғанда осы мәселені де ескерген жөн.

[1] Ахмәд ибн Ханбәл, мүснәд.; әл-Һәйсәми: Мәжмәъуз зәуәид. Хадис жеткізушілер тізімінде ақау бар.
[2]  Доктор Имаил Мұхаммед Шәнди: Хукмул Хидзаб фиш Шәриғатил Исләмия. Құдус. 2003 ж.

Абдусамат Қасым