Хижаптың орнына парик киюге бола ма?
Хижаптың орнына парик киюге бола ма?
8 жыл бұрын 7521

Алла разы болсын, парик жайында ұтымды жауап алдым. Тағы бір сұрағым бар. Қазіргі таңда оқу орнында хижап кигізбейді. Сондай жағдайда, хижаптың орнына парик киюге бола ма? Тарқатып айтып берсеңіз! Нұрперзент

Алла баршамыздан разы болсын.

Кейбір қажетті жағдайда хижаптың орнына парик киюге бола ма? деген сұраққа бірен-саран дін мамандары: «мақсат – әйелдің әурет жерінің жабылуы. Шашы – әурет, яғни, жабылуы тиіс жер. Сондықтан да, кей жағдайда шашын парикпен жабар болса, хижап орнына жүреді» деп пайымдаған. Бірақ, ғалымдардың басым көпшілігі бұл тұжырымға үзілді-кесілді қарсы.

Неге десеңіз, біріншіден, Құранда «зейнет жерлерін көрсетпесін» деп айтылған. Ал, парик – басты бүркеу үшін емес, сән үшін жасалған дүние. Оны көбінесе көрікті көріну үшін киеді.

Екіншіден, хижап киюдің астарында көптеген мән-мағыналар жатыр. Оның әлеуметтік әрі рухани пайдалы жақтарын көптеп айтуға болады. Соның бірі ретінде, бөтен еркектердің назарын өзіне аудартпау мәселесін атап айтсақ болады. Үсті-басы тұмшаланған әйел адамға бөтен еркектің сұқтана, дәмеленіп қарауы мүмкін емес. Қайта оны көрген еркектің іштей ар-ұяты оянады. Парик болса, өз алдына көркем көріну құралы болғандықтан, хижаптың орнын баса алмасы даусыз.  

Үшіншіден, хижапты жасырып, парик кию – көзбаяушылықты тудырады. Бұл - Исламға жат.  

Төртіншіден, мақсат – тек әурет жерлерді жауып қана қою емес. Дене-бітімінің сыртқа бедерлеп тұрмауына да аса мән берілуі тиіс. Бұнымен қоса, арғы жағынан денесі байқалатындай жұқа да болмауы керек. «Маңыздысы өз шашының көрінбеуі. Сондықтан оны жасанды шашпен жапса болады» деген уәж көптеген фитналарға жол ашуы мүмкін.    

Ендеше, хижаптың орнына парик киюге болады деп айта алмайды екенбіз.

Осы орайда, кейбір тәпсір кітаптарында орын алған мына бір риуаятты келтіруді жөн санап отырмын. Әзіреті Айша анамыздың үйіне сәлем берейін деп, жаңа үйленгелі жатқан қалыңдық кіреді (Бәни тәмим тайпасынан). Басында шашы көрінердей өте жұқа орамалы бар екен. Сонда Айша анамыз (р.а.) оған қарап: «Мынаны «Нұр сүресіне» иман етпеген әйел тағады», - деп қатаң ескерту жасаған екен. Осылайша, Айша анамыз мұсылман әйелдің басына Құран аяттары мен хадис шарифтерде баян етілгенге сай[1] орамал тағуы тиіс екендігіне назар аудартқан[2].


[1] «Нұр» сүресі, 31-аятта: «Сондай-ақ зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерлерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары).  Және орамалдарын омырауларына түсірсін», - делінген.  
[2]Құртуби тәпсірі, Ахзаб сүресінің тәпсірі.

Абдусамат Қасым