Хайызы тоқтаусыз келетін әйелдер намазды не істейді?
Хайызы тоқтаусыз келетін әйелдер намазды не істейді?
5 жыл бұрын 8594

Ассаламу алейкум! Менің сұрағым ыңғайсыздау болып тұр сонда да сұрайын. Денсаулығыма байланысты дәрі ішіп жүргенмін. Етеккірім бұрын уақтылы және 6 күн келетін. Дәріге байланысты 30 күн бойы ақырын келеді. Яғни мүлде тоқтаусыз келеді. Мен дәріні 3 ай іштім. Енді тағы 6 ай ішуім керек. Сонда әр келетін уақытында 10 күннен намаз оқымай жүремін бе, әлде 6 күн оқымай, әрі қарай жуынып, оқи берсем бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, дәл сіздің жағдайда алты күнді хайыз санап, жетінші күні ғұсыл алып намазыңызды бастай бересіз. Тек, үзір иесі ретінде әр уақтылы намаз үшін дәрет жаңалап тұру керек.  

Жалпы алғанда Ханафи мәзхабында тоқтаусыз қан көрген әйелдің жағдайын үшке бөліп қарастырған. Қысқаша айтар болсақ:

1. Балиғатқа толмай тұрып тоқтаусыз қан келе бастаған қыздың, балиғатқа толғаннан кейін де онысы жалғасса, бұл жағдайда қыздың хайыз күндері әр ай 10 күн, ал қалған 20 күні – истихаза (үзір қаны) саналады.

2. Хайызы уақтылы келіп-кетіп жүріп, бір жағдайлармен хайызы тоқтаусыз келе бастаған әйел. Бұл әйел егер «әдет күндерін», яғни әдетте қанша күнде тоқтайтынын білетін болса, сонша күнді хайыз күндері санап, қалған күндерін үзірлі қан ретінде есептейді. Мысалы, әдетте айдың басында келген хайызы алты күнде тоқтап жүрген болса, тоқтаусыз қан келе бастаған жағдайда, айдың басындағы алты күнді хайыз санап, қалған күндерді үзір қан ретінде есептейді. 

3. Әдет күндерін нақты білмейтін әйел. Хайызы өз ретімен келіп-кетіп жүріп, тоқтаусыз келе бастаған әйел әдет күндерін, яғни әдетте қанша күнде хайызы тоқтайтындығын ұмытып қалса, ол  кісі үш күнін хайыз санап, одан кейін жеті күн бойы әр уақтылы намазда ғұсыл алып оқиды. Қалған жиырма күнінде үзір иесі ретінде әр уақтылы намаз үшін дәрет алып тұрады. Мысалы, айдың жиырмасында хайызы келетінін білетін әйел, қанша күнде тоқтайтынын ұмытса, тоқтаусыз қан келе бастаған жағдайда әр айдың 20, 21, 22 күндерін хайыз санап, намаз оқымайды. Қалған жеті күнінде, яғни, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29 күндерінде әр уақтылы намазды ғұсыл алып оқиды. Одан кейінгі қалған 20 күнінде (келесі айдың жиырмасына дейін) үзір иесі ретінде әр уақтылы намазға дәрет алады[1].

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Үшінші жағдайдың өзі үшке бөліп қарастырылған. 

Абдусамат Қасым