Әйел босанғаннан кейін қашан намаз оқуы керек?
Әйел босанғаннан кейін қашан намаз оқуы керек?
5 жыл бұрын 15798

Әйел босанғаннан кейін қашан намаз оқу керек? Мейірбек

Босанғаннан кейін келетін қан Ислами әдебиеттерде «нифас қаны» деген атаумен белгілі. 

Нифас қанының ең көп келетін уақыты – қырық күн. Ең аз уақытында шектеу жоқ, бір күннен кейін де тоқтап қалуы ғажап емес.

Сондықтан да, босанған әйелдің нифас қаны тоқтаған болса, уақыты кірген намаздың мұстахаб уақытының ақырғы бөліміне дейін кідіреді, оған дейін көрінбесе ғұсылданып, намазын оқи береді. Намаз оқу үшін қырық күнге толтыруы шарт емес. Бастысы - нифастың тоқтауы.

Ғұсылдану денсаулығына зиян тигізеді деп қорықса, ғұсыл үшін таяммум соғып, дәретті сумен алады. (Жеке гигиенасы үшін шомылу да ғұсылға есептеледі).

Ерімен қатынасқа түсу мәселесі қалай болмақ?  

Нифас қаны қырық күнге созылып, нифасы қырқында бір-ақ тоқтаған болса, ғұсылданбастан ерімен жақындаса беруіне рұқсат. Алайда, қырық күннен аз уақытта тоқтаған жағдайда қараймыз:

Егер нифасы әдеттегі уақыттан ерте тоқтаған болса, ондай жағдайда әдеттегі уақыты толмай қатынасқа түспейді. (бірақ, ғұсылданып намазын оқи береді).

Ал, әдеттегі уақытта (яғни, бұдан алдын туған кездегі қаннын тоқтаған уақытында), не одан кешірек тоқтаған жағдайда, ерімен қатынасқа түсуі үшін алдымен ғұсылдануы шарт. Одан бұрын қатынасқа түспейді.

Ғұсылдануға денсаулығы жарамаса немесе су табылмаса, таяммум соғып уақыты кірген намазды оқып барып, қатынасқа түсуге болады. Бұл айтқанымыз, нифас қаны қырық күнге жетпей әдеттегі уақытта не одан кейінірек тоқтаған әйелге қатысты. Ал қырық күннен кейін тоқтаған әйел ғұсылсыз ерімен жақындаса береді.

Нифас жағдайындағы әйел кісі намаз оқымайды, тиләуәт және шүкір сәжделерін жасамайды, ораза ұстамайды, Құран оқымайды, Құран кітабын тыссыз ұстамайды, мешітке кірмейді, күйеуімен жақындаспайды. (Дұға-таспихаттарды айта береді). 

Абдусамат Қасым