Әйел баласына шашын қидыруға бола ма?
Әйел баласына шашын қидыруға бола ма?
3 жыл бұрын 3053

Ассәләму әлейкум! Қыз балаларға шашын қиюға бола ма? Екінші өмірде қыз баланың шашы оның әурет жерлерін жауып тұру керек дегенді естігенім бар... Осы пікір қаншалықты дұрыс? Шынар

Уағалейкумуссалам, Шынар! Әйел баласына керек кезде шашын қиюына рұқсат. Себебі «Сахих Муслимде» жеткізілген хадисте Абдрахман бин Ауфтың баласы табиғин әрі ғұлама Әбу Сәләмәның[1] айтуы бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарының ұзындығын кейде қысқартатын болған[2].  Бұл әйелдерге шаш қиюға рұқсат деген сөз. Осы уәжді хадисші әрі Шафиғи мәзһабының фиқһ білгірі Имам Нәуәуи (р.а.) аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Сондай-ақ бұл хадис шашты қысқарту әйелдерге рұқсат екеніне дәлел» [3] , - деу арқылы құптап отыр.

Алайда, шаш алу кезінде еркектердің шашына ұқсатып тым қысқа алмауды ескерген жөн. Өйткені Алла Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын кісі үшеу. Олар: Ата-ананы құметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер  және өз жарын қызғанбайтын еркектер... .»[4], - деп қатаң түрде ескертеді. Ендеше, бұл хадистен әйел заты өзінің табиғи ерекшеліктерін қай жағынан болмасын өзгертпеуі керек екенін аңғарамыз. 

Ал, екінші сұрағыңызға келер болсақ, ондай пікірдің шариғатта негізі жоқ.

[1] Айша анамыздың сіңлісі Умму Кульсумнің сүт баласы.
[2] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[3] Сахих Муслим шарихы, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[4] Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис.

Абдусамат Қасым