Әйел адамның намазды дауыстап оқуына бола ма?
Әйел адамның намазды дауыстап оқуына бола ма?
5 жыл бұрын 29443

Ассалаумағалейкүм! Әйел адам үйінде жалғыз болғанда намазын дауыстап оқыса  бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бұл мәселеде Ислам ғұламалары әртүрлі тұжырым білдірген.

Ханафи мәзхабында ең дұрыс деп саналған пәтуа бойынша, әйелдің даусы ғаурат емес[1]. Олай болған жағдайда, үйінде  немесе әйелдер арасында (бөтен ер кісілер жоқ жерде) жария оқылатын намаздарды дауыстап оқуына құқылы.

Бірақ, мұны кей ғалымдар «даусын әуездеп, ырғағына келтіре оқымау шартымен» деп шектеу қойған. Бұл дегеніміз, егер әйел кісі естіген еркектің құмарлығын оятардай нәзік әрі әуезді үнмен, ырғағына келтіре созып оқыса, ондай дауыс естіген еркекке ғаурат боп саналатындықтан, намазды да бұзады дегенді білдіреді[2].  

Ал, аталмыш мәселенің үкімі өзге мазхабтарда қысқаша төмендегідей:

1. Мәлики мәзхабында, әйел адамның намазда дауысын шығарып оқуы - мәкруһ. Әйел кісі намазда тек өзі ести алатындай дәрежеде ғана дауысын шығара алады.

2. Ханбали мәзхабында, әйел адамның бөтен еркектер бар жерде намазды дауыстап оқуына болмайды. Ал өзінің жақындарының арасында не әйелдер арасында дауыстап оқылатын намаздарда дауыс шығарып оқуына рұқсат[3].

3. Шафиғи мәзхабында да, әйел кісінің бөтен ер адамдар жоқ жерде дауысын шығарып оқуына болады. Ал бөтен еркектер бар болса, даусын шығармай сыбырлап оқиды[4].

Қорытындылай келе, әйел кісі де ер адам секілді дауыстап оқитын намаздарды жалғыз оқитын болса, ерікті: Қаласа, дауысын шығарып оқиды, қаласа іштей оқиды. Бірақ, бөтен ер кісілер бар жерлерде дауыс шығармай ішінен оқығандығы абзал. Ондайда намазды сыбырлап не күбірлеп оқуына рұқсат.


[1] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтар. 2/79.
[2] Абдуррахман әл-Жәзири: әл-Фиқһ аля Мәзәһибиль арбаъа.
[3] Ибн Құдама: әл-Муғни.
[4] Имам ән-Нәуәуи: әл-Мәжмуъ шархуль Мүһәззәб.

Абдусамат Қасым