Қазақ велоспортына - бір ғасыр!
Қазақ велоспортына - бір ғасыр!
2 жыл бұрын 1259 topzhargan.kz/

Велоспортымыздың алғашқы қазығы Ақтөбе қаласында қағылған  екен. Бұл турасында жергілікті ғалым-оқытушы Бақытжан Есжанов  осыдан біраз жыл бұрын былай деп жазған еді: «1914 жылдың 6 шілдесі күні сабантойлардың бірінде ақтөбелік көпестер мен «Жәмиғати Хайрия» татар қоғамы қалалық мерекенің бағдарламасына тұңғыш рет велосипед жарысын енгізген. Алтын жүлдені татар еңбек мектебінің нұсқаушысы (басқа бір деректер бойынша, мұсылман мектебіндегі гимнастика пәнінің оқытушысы – авт.) Сибағат Забиров (суретте) жеңіп алған».

s4W_9G2KDxs-483x600

Қазақстан Республикасы Велосипед спорты федерациясының бұл құнды мағлұматтан құлағдар болғаны рас. Дегенмен құр ғана қызыл сөз болып қалмас үшін мұндай ақпарды растайтын тарихи құжаттарды, мұрағаттық деректерді, ең болмағанда көнекөз куәларды табу қажет болатын.

Ұзамай жан-жақты жүргізілген іздеу жұмыстары да жемісін берді. Таяуда Ақтөбе облыстық «Юность» БЖСМ директоры Александр Грибовский әріптестерімен бірге жергілікті мұрағаттан жоғарыдағы велобәйге баяндалған «Актюбинский городской вестник» әдеби-шаруашылық журналының 1914 жылдың 17 шілдесінде жарық көрген №19 санын тапқан.

Аталған басылымның 14-15 беттеріндегі «Сабантой» деген мақалада «Двигатель» деген лақап атты автор Ақтөбеде өткен қала мерекесі мен тарихи веложарыс туралы егжей-тегжей жазған. Автордың айтуынша, мерекені ұйымдастырған қаладағы беделді һәм дәулетті А.Хусайынов деген татар көпесі екен. Сабантойға деп қаражат бөлген меценат былай депті: «Құнарлы топыраққа түскен дән жемісін береді. Жақсы адамның ақыл-кеңесі тек қана пайда әкеледі».

Енді шайтанарба жарысында шашасына шаң жұқтырмаған тұңғыш чемпионымыз туралы бір-екі ауыз сөз. Сибағат Забиров өзінің еңбек жолын Темір сауда кәсіпорнында есепші болып бастаған екен. Ол заманда тоқсан жолдың торабы саналатын Темірде жәрмеңке деген жиі өтіп тұрыпты. Орта Азия мен Ресейден, тіпті, Англиядан артынып-тартынып жеткен көпестер бұл жерде сауданың көрігін қыздырған.

Темір қалашығында тұратын Сибағат Забиров облыс орталығы Ақтөбе қаласына жұмыс бабымен жиі қатынап тұруға мәжбүр болған екен. Сол себепті ол қыруар қаржы жұмсап, ағылшынның «Дукс» фирмасы жасап шығарған велосипед сатып алады. Сөйтіп ол қашықтығы 160 шақырым болатын екіараны шайтанарбамен еш қиналмай бағындырып отырған.

Кейіндері ол Ақтөбеге көшіп келіп, алғашқы мұсылман мектебіне гимнастика оқытушысы болып қызметке тұрады.

Сибағат Забиров қалада өткен велосипед жарысына әншейін әуестікпен қатыса салғанға ұқсайды. Неге десеңіз, жарыс жолына кілең кәсіби велошабандоздар шыққан; олардың велосипедтері жарқыраған жап-жаңа болған. Сөйтіп сайдың тасындай іріктелген 12 велошабандоз қатысқан дүбірлі додаға өзінің көрмегенді көрген ескі «Дукс» велосипедімен Сибағат Забиров та қойып кетіпті. Содан не керек, аяғында жұрттың бәрін таң қалдырып, мықтыларды шаң қаптырып, ол мәре сызығын бірінші болып қиып өтеді. Сонда сол бәйгедегі жарыс жолы үш айналымнан тұрып, 30 шақырымды құраған екен.

e4Xn69Gf

Велобәйгеден  бірінші келген тұңғыш чемпионымызға көрсетілген құрмет те бек лайықты болыпты. Жеңімпаз саф алтыннан құйылған, салмағы 15 грамм болатын алтын медальді мойнына ілген. Медальдің бірінші бетінде велосипедтің суреті кескінделсе, екінші жағына «І Приз за велосипедные гонки С.Забирову. Сабантуй. Актюбинск, 6 июля 1914 года» деген жазулар бедерленіпті. Өкінішке қарай, медаль сақталмаған. Кейбір деректерге қарағанда, Забировтар отбасы тапшылық кезіндегі мұқтаждық салдарынан алтын медальді сатып жібергенге ұқсайды.

Жалпы, ақтөбелік ақсақал Шәміл Бақтияровтың айтуынша, Сибағат Забиров егде тарқан шағының өзінде ескі досы велосипедінен екі елі ажырамаған. Чемпион Ақтөбеде Кубанская көшесіндегі №15 үйде тұрыпты; ол үй әлі күнге дейін тұр. Таяуда, велоспортымыздың бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында еліміздің велоспорт федерациясы мен ақтөбелік азаматтар тізе қосып, тұңғыш чемпионымыз Сибағат Фатколович Забиров тұрған осы үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты.

Тағы бір елең еткізер жаңалық, ойламаған жерден тұңғыш чемпионымыз Сибағат Забировтың фотосуреті табылды. Суреттің табылуына, жалпы жоғарыда айтылған тың деректердің жария болуына еңбек сіңірген адамның бірі – Қазақстан Республикасы Велоспорт федерациясының баспасөз хатшысы Сергей Бредихин екенін де айта кеткен жөн.

Қазіргі таңда еліміздің әр қиырында велоспортымыздың бір ғасырлық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Мысалы, жақында ғана Астана қаласында әкім И.Тасмағамбетов, спорт басшысы Т.Есентаев бастаған велошеру өтті. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мерейтой қарсаңындағы құттықтау сөзінде былай деген еді: «Велоспорт – соңғы жылдары елімізде ерекше серпінмен дамып келе жатқан спорт түрі. Бұған Тұңғыш Президентіміздің қамқорлығымен құрылған «Pro team Astana » велокомандасының халықаралық аренадағы жарыстарда қол жеткізіп жүрген толайым табыстарын дәлел ретінде келтіруге болады. 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпия ойындарындағы жерлесіміз Александр Винокуровтың толағай табысының да еліміздегі бұл спорт түріне деген көзқарасты түбірімен өзгерткенін атап айту керек».

Иә, бұл сөздің жаны бар. Велоспорт бұл күнде ел мерейін өсіріп жүрген спорт түріне айнала бастады. Өйтені Ақтөбе мен Лондонның арасын алтын көпірмен жалғаған велоспортымызға нәр беретін тарихтың тамыры тереңде жатқан жоқ па?!

Бүгінгі күнде ертоқымға тақымы қажалған көшпелі қазақтың ұрпағы велосипед деген темір тұлпардың жалына қол сала бастады. Бұл шайтанарбаңыз көлік құралы ғана емес, құрыс-тұрысыңды жазып, күш-қуатты шыңдайтын шын серік екен. Батыс пен Қытайыңыз мұны баяғыда-ақ түсініп қойған. Көшпелілердің ұрпағы күні кешеге дейін үрке һәм шекеден қарап келген еді, енді үйренісіп жатыр. Диванда жатқанды, автомен аққанды қойып, қазақ велосипедке қарғып мінетін күн туды. Ұзағынан сүйіндіргей!

 Қайрат АБДОЛЛА, «Sport» газеті

0 пікір