СПИД-пен күресетін дәрігерлердің арасында ВИЧ жұқтырғандар көбейіп кеткен
СПИД-пен күресетін дәрігерлердің арасында ВИЧ жұқтырғандар көбейіп кеткен
8 жыл бұрын 4845 Bnews.kz

Ғасыр індеті деген атаумен шыққан аты жаман ауру СПИД-пен күресетін дәрігерлердің өздерінің арасында ВИЧ жұқтырған қызметкерлер саны көбейіп кеткен. Ақ халаттылардың арасында жақында ғана медициналық тексеру болып, соның салдарынан  инфекция жұқтырған қызметкерлердің қатары 4 жарым есеге көбейгені анықталған екен. Бұл туралы Алматыда республикалық СПИД орталығының басшылары айтты. 

ВИЧ індеті елімізде ең алғаш 30 жыл бұрын тіркелсе, бүгінде елдің барлық өңірінде жайылған. Дәрігерлер қанша күш жұмсағанмен, бұл қауіпті кеселге әзірге тосқауыл болмай тұр.

Жыл санап көбейген ауру қазір тек нашақор немесе жеңіл жүрістілердің ғана қатарында емес, тіпті, дәрігерлер арасында да дендеп кетіпті. 2015 жылдың соңында денсаулық сақтау саласында енгізілген жаңа талапқа сәйкес, бүкіл дәрігерлер ВИЧ індетіне тексерілуге  міндеттеліпті. Медицина қызметкерлері арасынан 51 адамнан осы дерт анықталған.  Оның жартысы қызмет көрсетушілер болса, қалғаны дәрігерлер екен.    

«Негізі тек 22 қызметкерден анықталды. Олар қазір басқа жұмысқа ауысқан. Сонымен, ешқандай дау болған жоқ. Ол біздің жұмысымыз, ары қарай істей береміз», - дейді Республикалық ЖИТС орталығының бас директоры Асылхан Әбішев.

Дәрігерлер арасында ВИЧ індетін жұқтырғандардың басым бөлігі Алматыда және олардың барлығы әйелдер. Осы ВИЧ-пен ауыратын 10 медицина қызметкерінің 8-і әлі 40 жасқа да келмеген. Алматы СПИД орталығының жетекшісі «ауруды жасырған өледі, сондықтан, құпия сақтамай, оларды емдеуге кірісіп кеттік» дейді.  

«Бір-екі пайызға көтерілгені сол. Егер біз тексермесек, жабулы қазан жабулы күйінде қалар еді. Ал енді сол шыққан инфекция бойынша қызметкерлерді, егер олар хирург болса, иә болмаса гинеколог болса, біз оларды басқа қағазбен жұмыс істейтіндей, адамдармен кездеспейтіндей жерге ауыстырады», - дейді Алматы қалалық ЖИТС орталығының бас дәрігері Талғат Бәпиев.

Қарға қарғаның көзін шұқымайды дегенмен бүгін СПИД орталығының басшылары дәрігерлер арасында да өз ісіне салғырт қарап, осындай келеңсіздікке тап болатындардың бар екенін еріксіз мойындады. Дегенмен, ауырып ем іздеп барған тұрғындар қосымша қауіпті дерт жұқтырып қайтпасына ешкім кепілдік бере алмай отыр. 

0 пікір
Мұрағат