Соңғы он жылда жеті мыңнан аса қазақстандық заңсыз тергелген
Соңғы он жылда жеті мыңнан аса қазақстандық заңсыз тергелген
6 жыл бұрын 2525 Ақмарал Ағзамқызы, Ақмаржан Әділбек

Құқық қорғау органдарының академиясы Еуропалық кеңестің «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» атты жобасымен бірлесе отырып «Күдікті мен айыпталушы: олардың құқықтары нақты қорғалған ба?» тақырыбында криминологиялық форумның үшінші отырысы өтті деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Адам және оның құқықтары қоғам үшін өте маңызды. Қылмыстық процесс кезінде адамның құқықтарына талаптан тыс шектеу қойылады. Яғни, күдіктіні тұтқындау, мүлкін тәркілеу, белгілі бір мерзім ішінде іс-әрекет ету құқығынан айыру. Осы орайда айыпталушы мен күдіктінің құқықтары қаншалықты қорғалғанын анықтау үшін халықаралық қоғамдастықтар бірігіп, жұмыс атқаруда.

Екінші жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Ербол Қазиұлының айтуынша, форумның негізгі мақсаты: қылмыстық істер жүргізу кодекстерін жаңадан реформалап, дамыған елдердің заңнамаларына сай сәйкестендіру.

Қылмыстық іс жүргізу кодексіне біршама өзгерістер енгізілуі мүмкін. Күдіктіні қамауда ұстау уақыты 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарады. Бұрын алдын-ала тергеу жүргізу, қамауға алуға санкцияны прокуратура беретін болса, ендігі кезекте сот саласында арнайы бөлімдер ашылып, санкцияны сот қызметкерлері беретін болады.

Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының ресми статистикасы бойынша соңғы онжылдықтың ішінде 4000-нан аса азаматтың конституциялық құқығы бұзылған.

«Өткен он жылдың ішінде 7000-нан аса адам негізсіз тергеуге алынған. Яғни, үш сағат тергеуге алынып, прокурордың шешімімен босатылған. Бұл көрсеткіш 2012 жылы енгізілген «кезекші прокурор» жобасы аясында 9 есеге азайған»,- дейді Құқық қорғау органдары академиясының басшысы Асхат Жұмағалиұлы.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бері барлық облыс орталықтарында полиция мекемесіндегі азаматтың кіру-шығу уақытын тіркейтін электронды жүйе жұмыс істейді. Күдіктінің полиция мекемесіндегі қанша уақыт болғанын анықтайтын жүйе бойынша азамат үш сағаттан артық отырса, прокурорға белгі түсіп, тиісті шаралар қолданылады. Халықаралық эксперттер, ғылыми және адвокаттық қауымдастықтың өкілдері бас қосқан форум алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.

0 пікір
Мұрағат