ШҚО-да орталық мешіт несиесінен құтыла алмаған әйелдің қарызын төлеп берді
ШҚО-да орталық мешіт несиесінен құтыла алмаған әйелдің қарызын төлеп берді
9 жыл бұрын 4117

Осыдан бірнеше күн бұрын ШҚО тұрғыны банктен алған несиесінен құтыла алмай, сірке суын ішіп өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлағанбыз. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.

"Оқиға 3 қаңтар күні түнде болған. Банктен алған борышын қалай өтеймін деп уайымдаған әйел түні бойы көз ілмей, ас үйге барып, бір бөтелке сірке суын ішіп қойған", - деп хабарлаған еді Шемонаиха аудандық ішкі істер басқармасының өкілдері.

Бұл оқиғадан соң, өзіне қол жұмсамақ болған әйелдің жағдайы қалай екені хабарланған жоқ.

Ал әлеуметтік желілерде әйелдің несиесін Шығыс Қазақстан облыстық орталық мешіті төлеп берді деген ақпарат шыққан соң, NUR.KZ тілшісі мешіттің бас имамы Асанов Нұрлан Байжігітұлына хабарласқан болатын.

"Иә, мешіттің өзіне қол жұмсамақ болған әйелдің несиесін төлегені рас. 1980 жылы туылған Гүлжанат Нұрланова өзінің және жолдасының атына Kaspi банкінен несие алып, кейін құтыла алмай қалған", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы, "Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің" бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Бас имамның айтуынша, Гүлжанат екі баланың анасы екен. Әлеуметтік жағдайына байланысты несиесін төлей алмай, өзіне қол жұмсамақ болған.

"Өздеріңіз білесіздер, бұл ай Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген Мәуліт айы. Бұл жағдайды естіген соң, біз қарап отыра алмадық. Пайғамбарымыз да қайырымдылық жасағанды жақсы көрген, өте мейірімді болған. Сондықтан, несиеге бола бір отбасының шырқы бұзылып, балалардың анасынан айырылып қала жаздағаны жанымызға батты. Ақылдаса келе, Гүлжанат пен жарының 400 мың теңгеге жуық несиесін төледік. Жалпы, елдің қуанышы мен қиыншылығын бөлісу - бұл асыл дініміздің ақиқаттығын, жетімін жылатпай, жесірін қиналтпай қарайласқан халқымыздың қанындағы тәрбиесі Діни басқарманың алға қойған бағыты", - деп жауап берді Нұрлан қажы.

Бүгінде Гүлжанат Нұрланова мен оның жарының атындағы несие жабылды. Алайда, бас имамның айтуынша, сірке суын ішіп қойған Гүлжанат мүгедек болып қалуы мүмкін.

"Ананың жоқтығы ең бірінші кезекте балаға батады ғой. Біз Гүлжанатқа балалары үшін өмір сүру керектігін айттық", - дейді "Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің" бас имамы.

0 пікір
Мұрағат