Шетелдік сериалдар бала тәрбиесіне кері әсер етуде
Шетелдік сериалдар бала тәрбиесіне кері әсер етуде
9 жыл бұрын 11885 baq.kz

Таңнан кешке дейін «көк сандыққа» телмірген қазақтың санасын үнді және түрік сериалдары улауда. Тәрбиелік құны жоқ, қазақ менталитетіне сай емес бұл фильмдер халық белсенділерінің шамына тиюде. Бұл туралы Аlmaty.tv тілшісі жан-жақты зерттеп көрген еді.  

«Қазіргі таңда қазақ телеарналарын жаулаған үнді және түрік, кәріс сериалдарының тәрбиелік құны жоқ. Олар бізге ешқашан тәрбиелік құны бар өнім бермейді. Одан кейін олар біздің менталитетімізден мүлдем хабарсыз. Біздің арналар осы өнімдерді шетелден сатып алып жатар. Себебі, халыққа ұсынатын қазақ кинолары жоқ. Шетел ұқсап біздің отандық режиссерлар сапалы сериалдар түсіре алмайды. Менің өз басым үнді сериалдарын мүлдем көрмеймін. Кезінде түрік сериалдарын көргенмін. Олардың мән-мағынасы үнді, орыс сериалдарына қарағанда жақсы», - деді «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі, «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің басшысы, саясаткер Дәурен Бабамұратов.

Есімізді жиып, ел болдық дегенде, қазақ телеарналарын Бразилия және Мексика телехикаялары жаулап алғаны баршаға мәлім. Солардың мәдениеті мен тұрмысына жиіркене қарап жирылғанда, қазақ экранын түрік, кәріс, үнді сериалдары басты. Баланы жастайынан үйлендірген үнді фильмі, қазақ баласын ойын сан-саққа жүгіртті.

«Қазір мына көрсетіліп жүрген «Келін», «Уәде беремін» деген көп сериалы фильмдер балалардың сана сезімін улауда. Балаларымыз Аллаға емес, қолындағы қуыршағына табынып жүр. Бұған бір шектеу қою керек. Қазақтың тарихын емес кәрістің тарихын балалар жатқа біледі. «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Ханзада Жумонды» өз аталарындай жақын тартады. Қазақстанда тарихымыздан сыр шертетін телехихаялар неге түсірілмейді», - деді Алматы қаласының тұрғыны Мұрат Оразалиев.

Қазақтың қазақилығын аңсаған қара халық тарихымыздан сыр шертетін фильмдерге шөлдеп жүр. Түркі елінің туындысын көріп, ата-бабамыздың батырлығын жастар көрсе деген ниетте бар. Дегенмен, соңғы жылдары қазақ кино индустириясының алға басқандығы қарапайым қара халықты қуантады.

«Қазақстанда телетоптамалар түсіріліп жатыр. Телеэкраннан көрерменге жол тартқан «Ұлжан», «Парыз», «Жаным», «Қара шаңырақ», «Сырғалым», «Ағайындылар» сынды телехикаялар халықтың ықыласына бөленді. Біздің қазақ режиссерлері шетелдік режиссерлер ұқсап фильм түсірмесе де, ол өнімдерден қазақи иіс сезіліп тұрады», - деді журналист Аруна Ғани.

Дәл осыдан бір жыл бұрын Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед мәдениет және ақпар министрі болып тұрған сәтте «Корей және түрiк телесериалдарын сатып алуға тыйым салынады. Сериалдар телеарнаның рейтингiсін көтередi. Алайда, қазақстандық телеарналар түрiк пен корей сериалдарына шамадан тыс ден қойып кеткенi байқалады. Сол себептi, бiз телехикаялар сатып алуға тоқтау қоймақпыз», -деп айтқан еді. Бірақ бұл сөзді ескеріп, нәтиже шығарған телеарна болмады. Айтылған сөз айтылған жерде қалды. 

0 пікір
Мұрағат