Қызылорда облысында өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан жігіт тұрады
Қызылорда облысында өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан жігіт тұрады
2 жыл бұрын 1073

Экологиялық қауіпті аймақ болып саналатын Қызылорда облысында аурудың неше түрі өршіп тұр. Әсіресе "Протон" ұшырылатын Байқоңыр мен тұзы ауаға тарайтын Арал тұрғындары үшін өте қиын. Бұл жайында nur.kz сайты 31 телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты..

Туа бітті дертпен дүниеге келіп жатқан балалардың көбі осы өңірде. Мәселен, Арал ауданы Қамбаш ауылының тұрғыны өте сирек кездесетін аурумен ауырады. Сұлтанбейбарыс Рысбаевты бір қарағанда тәй-тәй басуды енді үйреніп жүрген бала ма деп қаласыз. Бір-екі қадамнан кейін құлап қала береді.

Дәрігерлер оған сирек кездесетін гипотиреоз диагнозын қойып отыр. Яғни, қалқанша бездерінің гормоны - тироксиннің жетіспеушілігінен немесе мүлде бөлінбеуінен пайда болған туа бітті ауру.

Анасы баласын талай рет Алматыдағы дәрігерлерге де апарыпты. Бірақ еш нәтиже шықпаған. Бүгінде ол баласын жалғыз асырауда.

Сұлтанбейбарыс анасының көмегімен ғана жүріп-тұрып, тамақ ішеді. Тіпті тілі де шықпаған. Бар ермегі қолындағы ойыншық көліктер. Ал шындығында ол жиырма жасқа толған бозбала.

"Балам қазір жиырмаға келді. Ол ең ауыр бірінші топ мүгедегі. Сенің балаң он сегізге келді деп он екі мың теңгесін алып тастады. Қазір жиырма тоғыз мың теңге алам, баламның зейнетақысы. Бірақ менің ойлайтыным, жаңағы ақшаны не үшін тоқтатты? Мен соны білмей отырмын. Қазір соны ізденгеніме екі жыл болды", - дейді тұрғын  Сара Елеуісова.

Тағдырдың тауқыметін тартқан ана қол ұшын созар бірде бір шенеуніктің табылмай отырғанына налиды. Сара апайдың тағы бір қызы бар. Оның он екі мүшесі сау. Мектепке барады. Ағасына кітап оқып беріп, анасына қолғабыс қылады.

"Түнде ағам ауырады, ұйықтамайды. Мама сосын көмектеседі, мен де көмектесем. Мама қиналады қатты", - деді тұрғын Жұпар Бейбітқызы.

Сұлтанбейбарыстың еркін тыныстауы күннен-күнге қиындап барады. Аурудан дірілдеген кезде қоярға жер таппаймыз дейді анасы. Дәрілердің көмегімен ғана аман қалып отыр. Бірақ олардың өзін сатып алуға бұл отбасының мүмкіндігі жоқ.

Жергілікті медицина мамандары болса, ауру - экологиялық апаттың тікелей әсерінен дегенді айтып отыр.

"Бұл жерде, білесіз бе, қоршаған орта адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Оны әсер етпейді деп ешкім жоққа шығара алмайды. Сұлтанбейбарыстың ауруына осы біздің экологиялық жағдайымыз да әсер етуі мүмкін", - деп отыр Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сапар Құттыбайұлы.

Дәрігерлер өңірде қатерлі ісіктерден өлім көрсеткіші артқандығын айтады. Сондай-ақ, қан айналым жүйесі аурына және туберкулез дертіне шалдыққандардың саны кемімей отыр екен. Дәрігер мамандардың, әсіресе ауылдық жерлерде жетіспеушілігі өз алдына бөлек әңгіме дейді.

0 пікір