Қылмыс «әлемі»: Қазақстанда қанша адам өмірінің соңына дейін жазасын өтейді?
Қылмыс «әлемі»: Қазақстанда қанша адам өмірінің соңына дейін жазасын өтейді?
4 жыл бұрын 3383 azattyq-ruhy.kz Әмірболат Құсайынұлы

1994-2019 жылдар аралығында түрмеге 1 миллион 239 мың 607 адам қамалған.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстанда түрмеге қамалғандар саны ең көп тіркелген 1995 жыл. Бір жылда 92 мың 969 адам темір тордың әр жағынан бір-ақ шыққан.  Бұл  «рэкетирлер» елді «уысында» ұстап тұрған үрейлі тоқсаныншы жылдар болатын. Қалаларда базар жағалаған бұзақылар ойына  келгенін істесе, ауылдарда ұрылар тұяқтан-тұяқ қалдырмай өрістегі малды алдына салып, айдап кететін кездер еді.

Араға үш жыл салып, сотталғандар  саны  шамамен екі есеге азайған. 1998 жылы 58 мың 394 адам түрмеге түсті.  2000-2001 жылдары сотқа тартылып, жазасын арқалағандар 77 мыңға қайта өскен.  2006 жылы бұл көрсеткіш 32 мың 582 адамға кеміді. Осы жылдар ішінде сотталғандар ең аз тіркелген 2014 жыл. Барлығы 23 мың адам. Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ізгі саясат ұстануға көшкенімен соңғы жылдары түрмеге жабылғандар саны азаймай отыр. Былтыр бас бостандығынан 31 мың 309 адам айырылса, биыл 9 айда 20 мың 720 қазақстандыққа жазасын темір торда өтеу туралы үкім кесілген.  

Бас прокуратура елде өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтар мен жазаланған жасөспірімдердің санын жеке көрсетті. Қазақстанда өмірінің соңына дейін жазаға кесілген 113 азамат бар. Аса ауыр қылмыс жасағандар саны 2017 жылы көп болған, осы жылы 17 қылымыскер өмір бойына түрмеге жабылған. Бұл көрсеткіш  2005 жылы - 10 адам, 2008 -13 және 2011 жылы - 12 адам .

Құзырлы органның мәліметінше  елде сотталған жасөспірімдер саны бүгінде 76 мыңнан асады. Кәмелеттік жасқа толмай жатып, сот үкімі кесілген балалар 1994 жылы көп болған. Ол кезде 8 мың 102 бала жазаланған. 2002 жылы бесіктен белі шықпай жатып, қылмыс жасағандар  5 мың 927  бала. Сотталған балалар  саны соңғы 5 жылда азайған. 

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет сот үкімі күшіне енгендер туралы мәліметті ай сайын жаңартып тұрады. Елде шартты жазаға кесілген азаматтар саны да аз емес. 1994-2003 жылдар аралығында олар күрт көбейген. Ел бойынша 314 мың 548 адам шартты түрде сотталса. Мұндайлар саны соңғы он жылда азайған. 

Ішкі істер министрлігі  қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтейтіндер көбінесе бауыр циррозы, тыныс алу жолары, ми-қан айналымының бұзылуы және онкологиялық аурулардан көз жұматынын мәлімдеді. Қазір 5380 адам  пробациялық қызметтің бақылауында екен. Олардың қатарында Экс-Премьер-министр Серік Ахметов те бар.   

0 пікір
Мұрағат