Тараз: Шөлдалада құдық қазылды (фото). Ақтөбе: Медресе маңынан құдық қазылды (фото)
Тараз: Шөлдалада құдық қазылды (фото). Ақтөбе: Медресе маңынан құдық қазылды (фото)
4 жыл бұрын 3033 asyldin.kz Ақерке Бекқұлова, Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі. Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Тараз шаһарының шалғай маңында орналасқан Шөлдала елді мекенінде тұрғындарға құдық қазылып, су тапшылығы мәселесі жеңілдетілді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай "30 құдық қазу" республикалық қайырымдылық жобасының аясында өткен шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев пен Һибатулла Тарази мешітінің имамдары арнайы барып қайтты. 

Шөлдала өңірінде жерден су шығару мәселесі өте қиын, жері тастақ, ешбір техниканың шамасы жетпейтін жайы бар. Міне, осы себепті төбеңнен күн түсіп, ми қуыратын ыстықта айнала кеуіп, сахараның кебін киеді. Мекеннің аты айтып тұрғандай, шөлді сары дала болып, қурап тұрған өңірге құдық аса қажет.

Жоба аясында бұл мекенге 20 метр құдық қазылды. Осындай еңбектің адамзаттың екі алақанымен яғни қолмен қазғылғанын айтпай кетуге болмас. 

Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі және рахметі болсын) бір сөзінде: «Садақаның жақсысы шөліркеген кісіге су беру» деп ерекшелеген. Тіршіліктің қайнар көзі болған суды шығару тиісті орынға жеткізіп берудің сауаптығы осыдан соң ақ анғарыла береді. Тіпті ол су адамзаттан бөлек жан-жануарларға болсын, жансыз деген ағаш өсімдіктерге болсын жеткізілсе, кісі соңынан үзілмей баратын сауапқа айналып қала береді.

Халықты риясыз қуанышқа бөлеген бұл шара әлі өз жалғасын табарына сенеміз. Ал осы іске мұрындық болған әрі екі қолға бір күрек алып іске кіріскен азаматтарға барша жұртшылықтың атынан Алланың разылығын тілейміз!

Ақтөбе: Медресе маңынан құдық қазылды (фото)

Ақтөбе өкілдігі қаланың маңынан іргесі қаланғалы отырған «Ақтөбе медресе-колледжінің» жеріне жергілікті дін жанашырларының көмегімен құдық қазып берді. Осыған орай игі істің ашылу салтанаты өтті.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Діни басқарманың 30 жылдығына орай 30 құдық салу күн тәртібіне қойылған болатын. Халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Қайырымды істің түрі көп. Солардың қатарында көпір салу, құдық қазу, ағаш егу бар.

Дін ғалымдары көпір мен құдық халыққа қаншалықты ұзақ қызмет етсе, сол уақытқа дейін оның сауабы салғызған, қаздырған, қазған кісіге барып тұрады деп жатады. Тіпті халық оны игілігін бірнеше ғасыр көруі мүмкін.

Ақтөбе: Медресе маңынан құдық қазылды

0 пікір
Мұрағат