Құдық қазып, сауабын еселеді (фото)
Құдық қазып, сауабын еселеді (фото)
4 жыл бұрын 2808 islam-oral.kz

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діни басқарманың 30 жылдығына орай «30 құдық қазу» республикалық қайырымдылық жобасы жүзуге асып келеді.

Бас мүфтидің игі бастамасына орай Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының имамы Ерлан Айтенов Чапаев ауылының 1986 жылғы иманды азаматтары қолдау көрсетіпті. Сәрсенбінің сәтінде аудандық мешіт ауласында ауыз су құдығы мен субұрқақ орнатылды.

Бұл игі іс «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, осыған орай өткізілген салтанатқа ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Мұратбек Қыстаубаев, Ақжайық өңірі имамдарының кураторы, Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы Тілепберген Нұрәлиев, наиб имам Мейрамбек Абдрахманов арнайы келді.

Жамағат игілігі үшін жасалған іске ұйытқы болған жандарға Мұратбек қажы Мұхтарханұлы ризашылығын білдіре отырып, «Біздің діни басқармамыздың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Алладан шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен жанның сауап алатыны аян. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісіге дейін су ішеді»,- дейді дана халқымыз. Бұндай пайдасы мол іс жасаған қайырымды азаматтарға алғыс айтамын, осындай әрекеттер көп болсын»,- деп, отбасыларына бақыт-береке тіледі.

Мешіт ауласынан қазылған табиғи артезианды су халық қолданысына, мешіт ауласын абаттандыруға, құлшылық жасауға келген адамдардың пайдасына жаратылмақ. Сауапты іске жомарт азаматтар 800 мың теңге көлемінде қаражатын арнапты. Игі шаралар облыс көлемінде өз жалғасын табады.

0 пікір
Мұрағат