"Нұр Мүбәрак" университетіне жаңа ректор тағайындалды
"Нұр Мүбәрак" университетіне жаңа ректор тағайындалды
2 жыл бұрын 1191 muftyat.kz

Қазақстан және Египет Араб Республикасы Қамқорлар Кеңесінің шешімімен Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетіне жаңа ректор тағайындалды. Әйгілі Әл-Азһар университетінде лауазымды қызмет атқарған доктор, профессор Жуда Әбулғани Басюни жаңа жұмысына кіріскен күні Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қабылдауында болды. Дін қайраткерлері діни оқу-ағарту саласын жетілдіру туралы әңгіме өрбітті. Қабылдаудағы шағын сұхбатты жариялап отырмыз.

Бас мүфти: Қазақстанға қош келдіңіз. Жаңа жұмысыңызға береке тілеймін. Елімізде 2 мыңнан астам мешіт бар. 9 медресемізде болашақ имамдар діни  ілім алуда. Халқымыздың дархан мінез, қонақжай пейілінің, татулығымыздың арқасында еңселі ел болып қалыптастық. Тәуелсіздік алған жылдары дінімізбен қайта қауыштық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өзіңіз ректорлық қызмет атқаратын «Нұр Мүбәрак» университетін аштық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тұрған негізгі міндет – халықтың бірлігін нығайту, имандылығын арттыру, діни кадрлардың сапасын көтеру.

Ректор: Әл-Азһар шейхы атынан, кезінде өзіңіз ілім алған еңселі оқу ордасы докторлары атынан сәлем жолдаймын. Болашақта «Нұр Мүбәрак» университетінің дипломын Әл-Азһардың деңгейіне жеткізуді жоспарлап отырмын.

Бас мүфти: «Нұр Мүбәрак» университетін Орталық Азияда жетекші діни оқу орнына айналдыру қажет. Болашақ имам-молдалардың білімі мен тәжірибесі молайса, онда елімізде діни ахуал жақсарған үстіне жақсара береді. Біз үшін әрбір діни маманның орны өте үлкен. Сондықтан, шәкірттерді тек діни іліммен ғана сусындатып қоймай, заманауи біліммен де жан-жақты жетілдіруіміз керек. Оларды Отансүйгіштікке, көпшіл болуға, бейбіт өмірді уағыздаушы тұлға етіп даярлауымыз тиіс. Қазір заман талабы бізге, баршамызға көптеген игі істерді жедел атқаруды жүктеп отыр.

Көрші елдердегі қандастарымыз Қазақстанда діни білім алуға өтініш білдіріп жатыр. Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінен келетін шәкірттер де бар.

Ректор: Білім саласындағы бар тәжірибемді, қабілетімді тиімді пайдалануға сенім білдіремін. Өзіңіз жақсы білесіз, Әл-Азһарда шариғат, дін негіздері, насихат факультеттері терең оқытылады. «Нұр Мүбәрак» университетін де осы деңгейге жеткізуге тырысамын. Өйткені, Мысыр елінен келетін 11 ұстазбен жеке пікірлесіп, оларды ұзақ уақыт таңдадым. Бәрі білікті, діни білім саласының майталмандары. Бәрі доктор, профессор ғылыми атағын иеленген.

Бас мүфти: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Еліміздегі мұсылмандар да дәстүрімізбен сабақтасып кеткен осы жол – ханафи мәзһабымен құлшылық етеді. Бір мәзһабты ұстану – ауызбіршілігіміздің кепілі.

Ректор: Жаңа сөзімде айтқан Қазақстанға келетін 11 доктор мен профессор ҚМДБ ұстанымына сай, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәріс жүргізеді. Құран тәпсірі, хадис түсіндірмесі, фиқһ пәндері ханафи бағытында беріледі. Өйткені, олар да осы мәзһабты ұстанатын ұстаздар. Сондықтан, бұл мәселеде түсінбеушілік болмайды деген сенімдемін. Өзіңіз айтқандай, бір мәзһабты ұстануда береке мен бірлік бар.

Бас мүфти: Алла Тағала әлемдегі мұсылмандардың ауызбіршілігін арттырғай! Тәуелсіздігіміз бен татулығымыз әрқашан баянды болсын! Әмин!

Жазып алған

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

 ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі 

1 пікір