Мүфтият жиһад туралы пәтуа шығарды
Мүфтият жиһад туралы пәтуа шығарды
2 жыл бұрын 2055 muftyat.kz

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – діни мәселелерде пәтуа шығару. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы лауазымды қызметке сайланған сәттен бастап ҚМДБ Ғұламалар Кеңесіне қоғамда көрініс тапқан өзекті діни мәселелерге қатысты дер кезінде пәтуа беруді тапсырған болатын. Солардың бірі – әлем мұсылмандарының алаңдаушылығын тудырған жалған сенімді санаға сіңдіруге тырысқан «Тәкпіршілер» жамағаты. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013 жылы 7 қарашада «Тәкпіршілерге» қатысты шығарған пәтуасында «тәкфир – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің әрекеті мұсылманшылыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады. Бүгінде Сирия халқы бейбітшілікті орнату шараларына әрі бүкіл мұсылман үмметінің шынайы жанашырлығына мұқтаж. Ондағы зорлық-зомбылық әрекеттер мен даулы мәселелер бейбітшілік жолымен шешілуі тиіс.

Қоғамда көрініс тапқан тағы бір мәселе – жиһад ұғымы. Кейбір адамдар жиһад ұғымын қолға қару алып, соғысқа аттану деп түсінеді. Біріншіден, шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Екіншіден, өзге елдің ішкі мәселесіне араласуына ешкімнің құқығы жоқ. Әр мұсылман мемлекетінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтиі болады. ҚМДБ-ның жиһад туралы шығарған пәтуасында теріс пиғылды, радикалды ағымдардың арбауында жүрген жастардың Діни басқарманың, ата-ананың рұқсатынсыз өзге елге жиһадқа аттануы дұрыс емес екендігі жайлы үкім айтылды.

Шариғат бойынша хижрат жасаудың шарты, оның үкімі туралы да Діни басқарманың пәтуасы шыққан болатын. Исламдағы бес парызға (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасау) тыйым салынса, азан айттырмаса, мешіттер түгелімен жабылса және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылса, онда мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі. Ал бізде, Құдайға шүкір, зәулім мешіттер күннен-күнге көбейіп, діни мейрамдар кеңінен тойланып келеді. Мәселен, дініміздің жанашыры Елбасының перменімен Құрбан айт мейрамы демалыс күні болып жарияланды. Бұл мұсылмандардың ұлық мерекесіне көрсетілген құрмет деп білеміз.

ҚМДБ-ның хижрат жасау туралы 2013 жылдың 7 қарашасында берілген пәтуасында Исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге көшуге ешбір қажеттілік жоқ деген шешім шығарылған.  

Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

0 пікір