ИСЛАМ ИНСТИТУТЫ 10 ГРАНТ БӨЛДІ – ДИРЕКТОР КЕНЖЕӘЛІ МЫРЗАБАЕВ
ИСЛАМ ИНСТИТУТЫ 10 ГРАНТ БӨЛДІ – ДИРЕКТОР КЕНЖЕӘЛІ МЫРЗАБАЕВ
8 жыл бұрын 5335 Muftyat.kz

2016-2017 оқу жылынан бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты өз-өзін қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл имам-молдалары үшін арнайы 10 оқу грантын бөлді. Бұл туралы Бас мүфтиге есеп берген институт директоры Кенжеәлі қажы Мырзабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл игі бастама оқуға ынтасы жоғары ауылдағы имам-молдалар үшін үлкен қолдау болмақ. Грантқа үміткер дін қызметкерлері ҚМДБ-ның облыстардағы өкіл имамдарының ұсынысымен әрі тиісті құжаттар негізінде қабылданады.

«Бүгінде институт ғимараты қазіргі заман талабына сай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникалармен жабдықталды. Білім сапасын және оқу тиімділігін арттыру мақсатында негізгі пәндер Бас мүфти қолдауымен және ҚМДБ-ның Ғұламалар Кеңесінің шешімімен бекітілді. Институттың ұстаздар ұжымын ғылым кандиттары, доктор-профессорлар мен Мысырдың әл-Азһар университетінің түлектері, Бұхара, Ташкент діни оқу орындарын тәмамдаған жоғары білімді оқытушылар құрайды. Оқу мерзімі – 2 ай. Бір жылда 8 оқу легі жүзеге асырылады», – деп атап өтті Кенжеәлі Қоңыратбайұлы.

Айта кетейік, Ислам институтында әр оқу легінде 70-ке дейін имам қабылдауға есептелген кең дәрісханалар, көлемді кітап қоры, компьютер кабинеті, жатақхана, асхана бар. 2013-2016 оқу жылдарында институттан 627 дін қызметкері білімін шыңдап шығып, жұмысын жалғастыруда. 

0 пікір
Мұрағат