Бас жүлдеге автокөлік тігілген Құран жарысы мәресіне жетті (ФОТО)
Бас жүлдеге автокөлік тігілген Құран жарысы мәресіне жетті (ФОТО)
2 жыл бұрын 1355 muftyat.kz

Бүгін Алматы қаласында «Бәйкен» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «VI Республикалық Құран жарысы» мәресіне жетті.

Құранның 30 парасын, яғни қасиетті кітабымыздағы 114 сүрені толық жаттаған қарилар сайысқа түскен болатын. Әр облыстағы іріктеу сынынан өткен 32 қаридың Құранды мүлтіксіз жаттауы, Құран оқу ережелерін сақтауы, аяттардың тәпсірін меңгеруі, сүрелердің аудармасын білуі сынды қабілеттерін ұйымдастыру алқасы, яғни әділқазылар жан-жақты бағалады, саралады.

Осымен алтыншы рет өткен республикалық Құран жарысында Жамбыл облысынан келген 14 жастағы ең жас қари Дулат Қалығұлов жүлделі І орынды иеленді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы оған «Hyunday» көлігінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Әділқазылар алқасының шешімімен Шоқан Уәлиев (Оңтүстік Қазақстан облысы) қариға екінші орын бұйырды. ІІ орынның жүлдесі – «Daewoo Nexia» автокөлігі. ІІІ орынға лайық болған Хусей Уалихаджи қари (Жамбыл облысы) «Лада Приора» көлігін қанжығасына байлады. IV орынды иеленген Нағим Нағманов қариға (Маңғыстау облысы) үлкен қажылыққа тегін жолдама берілді. V орынға Назар Сұлтанбай қариға (Астана қаласы) кіші қажылықтың сертификаты табысталды. Жарысқа қатысқан барлық қариға 70 000 теңге қаржылай сыйлық берілді.

Игі шарада «Бәйкен» мешітінің Бас имамы Құлмұхаммед Маханбет жүлделі орындарға көлік сыйлаған демеушілерге, қаржылай қолдау көрсеткен дін жанашырларына, кәсіпкерлерге, ұйымдастыру алқасының мүшелеріне ізгі ниетін жеткізіп, Бас мүфтидің алғыс хатымен марапаттады. 

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: 

«ҚҰРАН ОҚЫЛҒАН ҮЙДЕН ЖАМАНДЫҚ ҚАШАДЫ» 

«Бүкіл әлемде ең көп данамен тараған кітап – Құран. Үздіксіз оқылатын және барлық тілге аударылған Құран секілді кітап жақ. Құран секілді ешқандай кітап жатқа оқылып, насихатталмайды. Өйткені, ол – Алланың сөзі. Құран оқу адамның зейінін ашады, оның әрбір аятына сауап жазылады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлеріңде Құран оқыңдар, жамандық атаулы үйлеріңнен алыс болады», – деген.

Бүгінгі жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – Құран жаттаған жастарды қолдау, қасиетті кітабымызда жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Аллаға шүкір, еліміз бойынша 2 республикалық қарилар орталығы жұмыс істейді. Жуырда үшінші қарилар орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мешіттерімізде Рамазан айында өзіміздің жастарымыз Құран-хатым түсіріп жатыр.  

 

Серікбай қажы ОРАЗ, наиб мүфти, ұйымдастыру комитетінің, әділқазылар алқасының төрағасы:  

«ҚҰРАН ОҚЫП, ОНЫ ЖАТТАУ – ЕҢ ҰЛЫ ҚҰЛШЫЛЫҚТАРДЫҢ БІРІ»

«Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізді алып, асыл дініміздің құндылықтарын, қасиетті кітабымыз Құранды насихаттауға мүмкіндік туды. Алатаудың баурайында әсем қаламыз Алматыда екі дүние бақытына жетелейтін қасиетті кітабымызды жаттаудан жарыс ұйымдастырып отырғанымыз – елдігіміздің белгісі, имандылығымыздың айқын көрінісі, Тәуелсіздігіміздің жемісі. Құран оқып, оны жаттау – ең ұлы құлшылықтардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп өсиет қалдырған.

Бүгінгі республикалық Құран жарысына еліміз бойынша 30 жасқа дейінгі 32 қари бауырларымыз қатысты. Комиссия мүшелері олардың Құранды дұрыс оқуына, қатесіз жаттауына, аяттардың тәпсірін білуіне мән берді. Өздеріңіз көргендей, сыннан мүдірмей өткендер көп болды.        

Дулат ҚАЛЫҒҰЛОВ, 14 жастағы қари, І орын иегері: «ҚҰРАНДЫ БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДА ЖАТТАП ШЫҚТЫМ» 

«Кішкентайымнан Құран оқып, жаттауға дағдыландым. Қазір қатты қуанып тұрмын. Осындай шаралар көп болып тұрса дегім келемін. Құранды бір жарым жылда жаттап, 2 жылда бекіттім. Ұстазыма рахмет айтамын». 

 Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі


0 пікір