Астанада «Әлжан ана» мешіті ашылды (фото)
10 жыл бұрын 15857 islam.kz islam.kz

Астана қаласында сәулетті мешіт бой көтеріп, халыққа есігін айқара ашты. Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Марат Әзілханов, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы және өзге аудандық, қалалық мешіттердің имамдары қатысты. Мешітте бір мезгілде 1500 адам құлшылығын жасай алады. Жалпы аумағы 1087 шаршы метр. Мешіт ашылып, халық мешітке жиналғанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мінберге шығып, халықты бүгінгі қуаныштарымен құттықтады. Ақ түйенің қарны жарылған бұл күнді асыға күткен халыққа Ержан Малғажыұлы әсерлі уағыз айтып, сөз кезегін өзінің орынбасары «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Оразға берді. Серікбай қажы да халықтың қуанышына қуаныш сыйлап, әсерлі насихат айтты. Кейін Серікбай қажы жаңа мешіттің жаңа имамын халыққа таныстырды. Сәулетті имандылық үйінің бас имамы болып Ермек Мұхаммедқали тағайындалды. Артынша Ермек қажы әуезді үнімен азан айтып, халыққа хұтба оқыды. Осылайша мешітте алғашқы жұма оқылып, жиналған жамағат мешіттің сәулетті сәніне таңдай қағысып, мәз-мейрам болып үйлеріне тарасты. «Әлжан ана» деп аталатын бұл мешіт, Астана халықаралық әуежйына жақын маңда, жол бойында орналасқан. Нақытарақ айтсақ, Пригородный елді-мекеніндегі Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр дағылының қиылысында орын тепкен. Әуежайдан келген қонақтарды қарсы алып, сапарлатып кетіп бара жатқан жандарды жайдары шығарып салады. Алтын жалатылған күмбездері алыстан менмұндалап көздің жауын алады.  

1 пікір
  • "Әлжан ана" мешіті шамасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан Назарбаеваға (1910-1977) арналып салынған шығар, қателеспесем. Мархұм Әлжан анамыз Жамбыл обылысы Қордай ауданы Қасық ауылында молда отбасында дүниеге келген деп естігенмін. Жатқан жері жайлы болсын.
    8 жыл бұрын
Мұрағат