Алматыда Құрбан айттың құрметіне рухани кеш өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Алматыда Құрбан айттың құрметіне рухани кеш өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
10 жыл бұрын 2955

Кеше Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен М. Әуезов атындағы драма театрында «Қош келдің, Құрбан айт!» атты рухани-мәдени кеш өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған игілікті шарада Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жиналған қауымды келе жатқан мерейлі мереке – Құрбан айтпен құттықтады.

«Құрбан айт – бірлік пен игіліктің мерекесі. Бұл тек құрбан шалу науқандық шарасы емес. Бұл күндері көршілер мен ағайын-туыстарды аралап, отбасымызды шаттықа бөлеу – сауапты іс», – деді Бас мүфти.

ҚМДБ төрағасы жастарды қазыналы қарттарымызды құрметтеуге шақырып, қариялардың жанында береке болатынын айтты.

Рухани кеште М. Әуезов театрының Бекжан Тұрыс бастаған белгілі актерлері қарттар туралы қойылым көрсетті. Халық әншісі Ескендір Хасанғалиев пен танымал әнші Сәкен Майғазиевтер ән шырқаса, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымов терме орындап, халыққа тағылымды ой салды. «Арлан» квартеті мен «Арғымақ» тобының орындауындағы ән мен күйлер құлақ құрышын қандырды.

Іс-шара соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Алматыдағы қарттар үйінің тұрғыны Айымторы Тайғаринова кіші қажылықтың сертификатын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы табыс етті.

Өткен жылы осы қарттар үйінен Қанен қария кіші қажылығын өтеп келген болатын.         

 www.muftyat.kz

0 пікір
Мұрағат