Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні құтты болсын!
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні құтты болсын!
2 жыл бұрын 946 baq.kz

Бүгін - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні.Қазақстандықтар бұл мерекені биыл алғаш рет атап өтеді. Былтыр ел Парламенті Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы Президент сайлауына байланысты осындай шешім қабылдаған болатын. 

Егемен ел ретінде бірінші рет өткізілген жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш Президент болып сайланды. Ол жұрттың 98,78% дауысын жинады. Сондықтан, халқымыздың ұзақ жылдар бойы армандаған азат күні, Тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасуы, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекеттік ұлттық рәміздердің қабылдануы, бостан заманға қатысты тағы басқа игіліктердің бәрінің бастау бұлағы осы шақтардан басталады. 
Н.Назарбаев 1993 жылы Қазақстан дамуының басты бағыт-бағдарларын анықтап берді. Ал 1997 жылы «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасы жасалды. Онда еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халықтың әл-ауқаты, бәрі-бәрі қамтылған. Онда: «...Қазақстан индустриялық-иновациялық елге айналуы керек» деген. Яғни, Қазақстан өзге елдердің тек шикізат шығаратын аймағы ғана болып қалмай, әлемде теңдессіз мол жер байлығымызды өзіміз өндіріп, өңдеп шығаратын іргелі елге айналуымыз қажеттігі де айтылған. Қараңыздаршы, соның бәрі бүгінде орындалып жатыр емес пе!
Қазақстанның сыртқы саясатында да Президенттің үлесі үлкен, еңбегі ерен. ТМД-ның негізін салуға, осы аяда Кеңестер Одағының шекпенінен кеше ғана азаттық алып шыққан бұрынғы «бауырластарды» басын қайта қосуға ерекше тер төкті. Саяси, экономикалық, мәдени интеграция құруға арналған көптеген бастама-жобалардың авторы болды. Мәселен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кеден одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, т.б. атауға ие болады. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер одағының құрамында да біздің еліміздің беделі үлкен. Сыртқы-ішкі саясаттағы осы іс-әрекеттерінің бәрі Н.Назарбаевты, сөз жоқ, әлемнің тамыр соғысының бүлкілін айқын таныған, шартараптардың саяси ағымын түгел бағамдап отырған әбжіл саясаткер, жаһандық деңгейдегі атаулы тұлға екенін байқатады. ҚазақстанныңЕуропаның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі, Дәстүрлі әлем діндерінің сиездерін өткізуі – осы сөздеріміздің бір дәлелі. 
Ғасырға бергісіз жиырма бір жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті БҰҰ құрамындағы барлық мемлекет түгел мойындады, тәуелсіздігін таныды.Әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатты.Қазақтың шекарасы айқындалып, ол Қытайдың, Ресейдің, Өзбекстанның Жоғарғы заң шығарушы органдарында тиісті ратификациядан өтті, заңды күшіне енді. 
Міне, сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы Елбасыныңатымен тікелей байланысты.Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi - Елбасы туралы N 83 Конституциялық заң 2000 жылдың 20 шiлдесінде шықты, оған 2010.06.14 № 289-IVөзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Аталмыш заңда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң – Елбасының мәртебесi мен өкiлеттiгi баяндалған. Ал, 2011 жылы ел Парламентінің 1 желтоқсанды «Тұңғыш Президент күні» деп жариялауы осы Конституциялық заңдардың аясында жүзеге асқанын айта кету керек.
Қарап отырсаңыз, әлемнің басқа елдерінде де «Президент күндері» бар. Мәселен, АҚШ-та ақпанның әрбір үшінші дүйсенбісі «Президенттер күні» деп аталып өтеді екен. Ол мемлекеттік мереке ретінде сонау 1782 жылдың 22 ақпанынан бастап тойланып келеді. ҚХДР басшысылары Ким Ир Сен мен Ким Чен Ир-дың туған күндері мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Бұл дәстүр тек соңғы жылы ғана жалғаспады: Қытай тағына мұрагерлік жолмен келген Ким Чен Ынның әкесі оның туған күніне санаулы тәуліктер қалғанда қаза тауып, туған күн атаусыз қалды. Солтүстіктегі көршіміз- Ресей елі президенттерінің туған күндерін мемлекеттік масштабта тойламайды. Бұл оларда әдеттегі жұмыс күні саналады. Тіпті В.Путин 50 жасқа толған күні Кишиневте ТМД мемлекеттері басшыларының кезекті Саммитін өткізіп шапқылап жүрген. 
Біздің елде Тұңғыш Президент күні 1 желтоқсаннан көп бұрын жалпы халықтық масштабта, бүкіл мемлекеттік деңгейде кеңінен тойлануда. Енді, редакциямызға жер-жерден жеткен хабарларға сүйене отырып солардың бірқатарын атап өтейік: 
Мәселен, Елорда билігі атаулы күні әлеуметтік жәрдемге арнап қала қазынасынан 125 миллион теңге бөлінген. Соған сәйкес, Астанада тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының 322 ардагері мен мүгедегі 20 мың теңгеден төлемақы алмақ. 2 мыңға жуық Ауғанстан және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға 10 мың теңгеден тағайындалып отыр. Тылда еңбек еткендерге, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың жесірлеріне және бейбіт уақытта қаза тапқан әскерилердің отбасыларына да дәл осындай көмек қарастырылған. Ал ата-анасынан айырылған жетімдер мен кәмелетке толмаған 4 баласы бар отбасылар да 10 мың теңгеден жәрдемақы алады. Оған қоса, тұрмысы төмен 1000 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілмек. Тіпті 1 желтоқсанда дүниеге келген сәбилерге де айрықша сыйлықтар беріледі.
Сондай-ақ,Астанада Тұңғыш Президент күніне орай флешмоб ұйымдастырылды , ал 29 қарашадан бастап«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты алғашқы Назарбаев оқулары халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Форум Ұлт Көшбасшысының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін жан-жақты көрсетуге арналған. Назарбаев оқуларына қатысуға 1500 адам өтініш білдірген. Оның ішінде әлемнің 51 елінің – Италияның, Ұлыбританияның, Ресейдің, Румынияның, Сингапурдің, АҚШ-тың, Франция және тағы да басқа мемлекеттердің ғалымдары бар.Форум аясында «Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ғылыми еңбектері мен стратегиялық жобалары» атты көрме өтуде.
Тұңғыш Президент күніне орай ізгілік-игілік шаралары да жетерлік: Қазақстан электролиз зауытының жұмысшылары «Металлургтер – балалар үшін!» шарасымен өткізеді. Бұл туралы ENRC Қазақстан компаниялар тобының баспасөз қызметі хабарлады. Павлодарда Тұңғыш Президент күнінде «Біздің Елбасы - Наш Лидер» көрмесі ашылды және бұл күні қаладағы барлық сауда орталықтарында мерекелік жеңілдіктер болады. Сондай-ақ, Керекуде мереке кезінде мұқтаж жандарға 143 пәтердің кілті тапсырылады деп күтіліп отыр. Алматыда Тұңғыш Президент күніне орай Медеуге кіру тегін болмақ және қаланың орталық көшелерінде мерекеге орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қостанайда Тұңғыш Президент күніне орай курсанттар мұз астына түсіп, әскери даярлықтарын сынайды. Теміртауда балалар аулына Тұңғыш Президент мерекесіне орай 12 млн. теңгенің сертификаты тапсырылады.
Семейде ҚР «Тұңғыш Президентінің күні» мемлекеттік мерекесіне орай Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірігуімен ауқымды мерекелік шара өткізілуі жоспарлап отыр.Ондағы мақсат – Елбасының жүргізіп отырған саясатын қолдау, жастардың бойында бұл іс-шараларының мәнінің зор екендігін дәріптеу, ол жүргізіп отырған шара, бағдарлама, реформаларды Семей жастарының қолдайтындықтарын паш ету,– деп хабарлады қаладағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» баспасөз қызметі.
Алматыда Тұңғыш Президент күнінің құрметіне Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бильярдтан турнир өткізбек... 
Бұл осы күндері республика бойынша өткізілетін шаралардың бір парасы ғана. Әйтпесе, мереке кезінде ұйымдастырылатын барлық жиын-тойлар Тұңғыш Президент күнімен байланыстыратыны сөзсіз. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, 1 желтоқсан күні шын мәнінде бүкілхалықтық мерекеге айналды.

Дәулетқали Асауов

0 пікір