Қазақстанда «миы өлген» балалардың органын донорлыққа алуға рұқсат етіле ме?
Қазақстанда «миы өлген» балалардың органын донорлыққа алуға рұқсат етіле ме?
7 жыл бұрын 3158 inform.kz Кенжекей Тоқтамұратқызы

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жанынан құрылған жұмыс тобы миы өлген балалардың қалған органдарын донорлыққа алу туралы ережеге өзгеріс енгізу мәселесін қарап жатыр. Бұл туралы министрлік ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып, хабарлады. Министрлік жанындағы жұмыс тобына Қазақстандағы невролог дәрігерлер, жүйке жүйесін зерттейтін дәрігерлер, анестезиолог мамандар және өзге де дәрігерлер кірген. «Министрлік 2010 жылдың 11 тамызында қол қойылған №622 бұйрыққа, яғни «Биологиялық өлімді немесе мидың біржола семуін (мидың өлімін)  растау ережесін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарау үшін жұмыс тобын құрды», - деп хабарлаған министрлік өз жауабында. Айта кетейік, 2016 жылдың қарашасында Қазақстанның бірқатар дәрігерлері баланың миы өлген кезде оның органдарын донорлыққа алуды заңдастыру туралы бастама көтерген болатын. Бірақ, әрине, Қазақстанның қазіргі заңнамасы баланың миы тоқтаған жағдайда оны аппараттан ажыратуға және оның ағзаларын донорлыққа алуға тыйым салған. Әзірге, елімізде, ересек адамдардың органдары тірі кезінде өзі рұқсат берсе немесе оның өлімінен кейін ең жақын туыстары рұқсат берсе ғана, донорлыққа алынады. «Қазіргі жағдай мынандай. Қандай да бір ауруханаға халі өте мүшкіл адам түседі. Туған-туыстары мен дәрігерлер оны тірі алып қалудың барлық амалын жасады делік. Әрине, ол адам біреудің әкесі немесе біреудің анасы, біреудің қызы, біреудің ұлы болады. Алайда, адамның миы тоқтап, енді өмір сүруге келмейтіні анықталады. Сол сәтте дәрігерлер психологиялық соққы алады...адамның миы өлгенін білсе де, әлі тыныс алып жатқанын білген туыстарына барып «жақыныңыздың басқа органдарын донорлыққа алайық» деп те айту қиын, бірақ, миы істен шыққан адамның сау органдары өзге адамды құтқара алатынын біле отыра, шарасыздық таныту да қиын. Бірақ, қазір Қазақстанның дәрігерлері сол психологиялық соққыға шыдап, миы тоқтаған адамның әкесіне, анасына, бауырына, баласына барып, көңіл білдіре отырып, оны жұбата отырып, органын донорлыққа сұрайды. Міне, осындай дәрігерлерге басымды иіп тұрып, алғыс айтамын», - деген еді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат бере отырып,  трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының жетекшісі Жақсылық Досқалиев. Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан құрылған жұмыс тобы қандай да бір қорытындыға келмейінше Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған балалардың органын донорлыққа алу мәселесі заң бойынша реттелмеген қалпында қалады. Бұл мәселе әсіресе 3 ай бойы аппараттың арқасында ғана тыныс алып жатып, қаза тапқан алты жасар Вика Мининаның өлімінен кейін ушыға түсті. Естеріңізде болса, 2016 жылдың 20 тамызында Ақтау қаласында педофил 6 жасар Виканы аяусыз зорлап кеткен болатын. Кішкентай бүлдіршіннің сау жері қалмаған еді. Зорлап, ұрып соққан педофил оны шыжыған күннің астына тастап кеткен. Виканы дәрігерлер жедел түрде Астанаға жеткізген болатын. Үш ай бойы баланың организмі өмір үшін күресті. Қазан айында Виканың миы өлді. Алайда, қайта есін жияр деген үмітпен баланың ата-анасы мен дәрігерлер оны аппаратқа жалғап қойған болатын. Өкінішке қарай, 21 қараша күні Виканың жүрегі тоқтап, ол көз жұмды... Айта кетейік, қазір Қазақстанда 49 бала орган ауыстыру операциясында кезекте тұр. Оның ішінде 25 бала бүйрек ауыстыру операциясын, 9 бала - бауыр, 13 бала жүрек, 2 бала жүрек және тыныс алу органдарын ауыстыру операциясын күтіп жүр. Әрине, мамандар операцияны кез келген уақытта жасай алатын еді, алайда, осы 49 балаға қазір қажетті донор табылмай отыр. Биыл, нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың наурыз-қазан айларында жұлын майының доноры табылмаған екі бүлдіршін көз жұмды. Қазақстандық екі бүлдіршін үшін, тіпті, хаалықаралық донор тізімінен де жұлын майы табылмаған болатын.    

0 пікір
Мұрағат