Қазақстанда 5 мың маман ауылда жұмыс істеуден бас тартты
Қазақстанда 5 мың маман ауылда жұмыс істеуден бас тартты
8 жыл бұрын 2340 Baq.kz

Қазақстанда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында елді мекендерге жіберілген 5 мың маман келісімшартты бұзды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономика инфрақұрылымдарын дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек мәлім етті.

«Дипломмен ауылға» жобасы ережесінің оңтайлы шарттарына қарамастан бірқатар проблемалы мәселелер бар. Бекітілген ережеге сәйкес әкімші, маман және сенімді агент арасында келісім жасалады. Оған сәйкес маман жұмыс орны бойынша аталған елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Дегенмен, еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын бұзу деректері бар. Бұл ретте келісімге сәйкес, маман өзіне көрсетілген әлеуметтік қолдауды, көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несиені толық көлемде қайтаруға міндетті», - деді ол.

Ұ.Жазылбек БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере келе бағдарлама жүзеге асырлған сәттен бері 5 мың маман келісімшартты бұзғанын айтты. Олар бюджетке қайтарылуы тиіс 1 млрд. теңгеден астам қаржының 911 млн. теңгесін өтеді.

«Міндеттеменің орындалмауының негізгі себебі әлеуметтік-отбасылық жағдайдың өзгеруі, басқа елді мекенге көшіп бару, жұмыс орнынан босауы болып отыр», - деді ол.

Бұған қарамастан аталған жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде нақты нәтижелерге де қол жеткізілді. Ауылдық жерлердегі кадрлар саны артты.

«Мәселен, жоба жүзеге асырыла бастағаннан ауылдық жерлерге 46 631 маман тартылып, олар жалпы сомасы 9,3 млрд. теңге көтерме қаржы алды. Ал 19 263 маманға үй сатып алуға немесе салуға 43,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік қаржы бөлінді», - деді департамент басшысы.

Оның деректеріне сәйкес, ауылдық жерлерге барған мамандардың басым бөлігі білім (33 400 адам), денсаулық сақтау (9 813), мәдениет (1 289), спорт (616), әлеуметтік қамтамасыз ету (403) және агроөнеркәсіп кешені салаларында (1110) жұмыс істейді.

«Ағымдағы жылы жоба аясында ауылдарға 5850 маман тарту үшін бюджеттен көтерме жәрдемақыға 2,1 млрд. теңге, 2725 маманға үй сатып алуға бюджеттік несие ұсыну үшін 8,6 млрд. теңге қарастырылды. Алдағы үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 2017 жылы 3232 маманға баспана сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 11 млрд. бюджет қаржысы көзделген», - деді Ұ.Жазылбек.

0 пікір
Мұрағат