Қазақстанда 1 жасқа дейінгі сәбиге 10 екпе салынады
Қазақстанда 1 жасқа дейінгі сәбиге 10 екпе салынады
7 жыл бұрын 5312 Руслан Ғаббасов, Марлан Жиембай

Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сауалына орай еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.

«Қазақстанда бала дүние келгеннен 1 жасқа толғанға дейін 10 екпе салынады. Оның екеуі - туберкулез бен «В» вирустық гепатитіне қарсы екпе бала дүниеге келген алғашқы 4 күнде егіледі. Қалған 8-і Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4 және 12-15 айлық кезінде көкжөтел, дифтерия, сіреспе, b үлгісіндегі гемофильді инфекция, полиомиелит, пневмококк инфекциясы, паротит, қызылша, «В» вирустық гепатитіне қарсы салынады»,-  делінген  хабарламада.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сай келеді және Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония сынды дамыған елдердің иммундау кестесіне ұқсас.

Мәселен, Германияда бала бір жасқа дейін - 10 , Францияда - 14, Австрияда - 12, Бельгияда 8 екпе алады.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстандағы Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесіне өзгерістер енізу жоспарланып отырмағандығын хабарлады.

«Алдын ала екпе жасау ұлттық күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына және дамыған елдердің басым бөлігінің иммундау кестесіне сай келеді»,-  делінген ақпаратта. 

 Қазақстанда екпеден бас тарту жиілеп барады

Қазақстандықтардың вакцинадан бас тартуы фактілері жиілеп барады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады. 

Жалпы, елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысы бойынша халықтың тиісті мақсатта топтары екпемен қамтылған. 
«Сонымен бірге, соңғы 10 жылда екпеден бас тартудың жағдайлары артқандығы байқалды. Негізінен, діни көзқарас пен жеке пікірлер бойынша екпе жасамай отыр, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтерді теріс жағынан тарату жағдайлары ықпал етуде. Атап айтқанда, 2006 жылда бас тартқандар саны 1 мың болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 9 685-ке дейін жетті»,-делінген ведомство хабарламасында. 

Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігі 2016 жылы инфекциялық аурулардың алдын алу тұрғысында 2017-2019 жылдарға арналған халықты әлеуметтік жұмылдырудың ведомствоаралық жоспары бекітілгенін атап өтті. 

Аталған жоспарда вакциналау мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қамтылған. Сонымен қатар, екпе жасау шараларын қауіпсіз өткізуде медициналық қызметкерлерді оқыту жұмыстары да ескерілген. Әрбір вакцинаны өндіруші екпені қолдану бойынша тиісті нұсқаманы бірге ұсынады, яғни, онда препараттың жанама әсері де көрсетіледі. 

0 пікір
Мұрағат