Қаржыландырудың исламдық түріне көшуіміз мүмкін
Қаржыландырудың исламдық түріне көшуіміз мүмкін
9 жыл бұрын 3140

Қаржыландырудың исламдық түрінің Қазақстанда қарқынды дамуы болашақта отандық дәстүрлі банктердің шариғат заңдылықтары бойынша қызмет ететін исламдық жүйеге трансформациялануы мүмкін. Бұндай мәлімдемені бүгін Орталық коммуникациялар орталығында еліміздің бас қазынашысы Қайрат Келімбетов жасады. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Ислам ережесі бойынша жұмыс істейтін "Әл-Хилял" банкінен кейін енді Қазақстанда Бахрейннің, Малайзияның және Катардың банктері ашылмақ. Демек, қазақстандықтарға өз кәсібі үшін пайызсыз несие алатын күн де алыс емес.

Айта кетсек, ислам банктері тұтынушылық немесе тауарлық несие бермейді. Бұл қаржылық институт кәсіпкерлердің жобаларын үстемақысыз қаржыландырып, одан табыс түскен күнде депозит салымшыларымен тең бөлісуді қарастырады.

"Исламдық қаржыландырудың басты ерекшелігі – үстемесіз несиелендіру. Және кез келген келісім-шарт шариғат кеңесінің мақұлдануымен жасалады. Бұндай кеңестің жұмысын біздің елге де енгізу жоспарда бар.

Малайзия тәжірибесі осы елдегі дәстүрлі банктердің жаппай исламдық қаржыландыру тәртібіне трансформацияланғанын көрсетеді.

Басқа жағдайда олар тек классикалық қаржыландырумен шектеледі. Осы озық тәжірибені ескере отырып, өз елімізде енгізу жағын қарастырамыз",- дейді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

0 пікір
Мұрағат