Өнердегі жұлдыздардың 80 пайызы ораза ұстайды
Өнердегі жұлдыздардың 80 пайызы ораза ұстайды
10 жыл бұрын 6514 news.nur.kz/

Он екі айдың сұлтаны, ең қасиеттісі – Рамазан болса, осы айда күллі мұсылманға парыз етілген ораза – адамзатқа берілген мейірімді мүмкіндік. Аллаға мың шүкір, біздің елімізде ораза ұстайтын адамдардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Әсіресе халықтың алдында жүрген өнер адамдары қасиетті Рамазан айында той-томалақты азайтып, ауыз бекітіп, ауызашар беріп, имандылыққа бет бұрып келеді. Осы орайда «Алаш айнасы» Ораза қарсаңында өнердегі азаматтардың халқына деген тілек-ниеттерін оқырмандарымен бөлісіп отыр.

Отыз күні ораза тұтып, Аллаға құлшылық еткен пенде күнәлардан құлан-таза айығуға, жаман әдеттерінен арылуға, нәпсісін тәрбиелеуге, кешірімді болуға, өзінің мінезін өзгертуге мүмкіндік алады.

Осы жолғы Рамазанның оразасы дәл шілденің шіліңгір айына тұспа-тұс келіп тұр. Күні ұзақ, ыстық әрі түні қысқа шілдедегі оразаның күрделіліге қарамастан биыл да ораза тұтуға ниет еткендер көп.

 



Досымжан Таңатаров, әнші:

– Өзім оншақты жыл бұлды Оразаны үзбей ұстап келемін. Жұбайым, ұл-қыздарым да ауыз бекітеді. Өзгелерді де Ораза ұстауға шақырамын. Өйткені Рамазан – Алланың нығмет мен ырыздық беретін айы. Бұл барша ағайын-туыстың, еліміздің, халқымыздың аман-саулығын, береке-бірлігін тілейтін уақыт. Әр қазақ Ораза тұтып, жақсы тілек тілесе нұр үстіне нұр болар еді. Аллаға шүкір, өзім білетін, араласатын өнер адамдарының бәрі Ораза ұстайды. Өнерде жүрген азаматтардың үлкені бар, кішісі бар 80 пайызы Ораза ұстап, ауызашар береді десем қателеспейтін шығармын. Қасиетті айда әнші-бишілер, ақындар, күйшілер, барлығы тойды-думандарды азайтып, мешітке барып, Ораза ұстайды. Рамазан айында туыс-туғандармен бас қосып, дос-жарандармен ауызашарда дастархан басында кездесіп, әңгімелесіп бір жасап қаламыз. Алдағы Оразаға дайындығымыз жақсы. Өзім араласатын дос-жарандарым осы бастан ауызашар күндерін белгілеп қойды. Отыз күннің 20 күнін ауызашар беретін ағайын-туыс, достарға баруды белгілеп қойдық.

 



Алмат Сақатов, сатирик :

– Соңғы 4-5 жылдан бері Ораза тұтып келемін. Ораза бес парыздың бірі ғой. Сондықтан біздің халқымыздың 100 пайызы Ораза ұстаса да артық болмас еді. Рамазан айының қасиетін діндарларымыз, молдаларымыз көпшілікке жеткізіп, насихаттап жатыр. Ораза адамның денсаулығына де өте пайдалы. Бұл бір жайдан жай ойлап табылмаған дүние ғой. Алла қуат берсе, осы жолы да ауыз бекітуге ниеттеніп отырмын. Бұл жолғы Рамазан айының, Оразаның басқа кездегілерден өзіндік ерекшелігі бар, сауабы көп. Қазіргі заманда құдайға шүкір бұрынғы замандағыдай аш-жалаңаш, нансыз, сусыз жүрген жоқпыз. Денсаулығымыз, жағдайымыз ауыз бекітуге жарап тұрса неге Ораза тұтпасқа? Рамазан айында туыстарымызды аралап, көңіліміз тазарып, рухани байып қаламыз. Жүрегіне иман ұялатқан барша мұсылманды, қазақ халқын қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Баршаларыңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын!

 



Қалқаман Сарин, ақын:

– Ес білгелі Ораза тұтып келемін десем де болады. Әйтеуір шама-шарқымызша жылда ауыз бекітіп, Алладан халқымыздың амандығын тілейміз. Жалпы өзімнің ортам тұтас ораза ұстайды десем артық айтқандық емес. Отыз күнді отыз отбасы бөліп алып кезек-кезек ауызашар береміз. Бұл бір асып-тасқандықтан емес. Біздің орта отбасыларымен жылда ораза тұтуды, ауызашар беруді жақсы дәстүрге айналдырған. Менің араласатын достарымның арасында өнер адамдары да, зиялы қауым да, жастар да бар. Мейрамханаларда ауызашар беріп жататын достарым бар. Жылдан жылға ортамыз кеңейіп келеді. Әр Рамазан айын сағынышпен, құрметпен, ықыласпен күтеміз, қарсы аламыз. Оразаның барлық нығметтерін айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазанда әр пенде өзінің кемшілігін, түзетуге, мінезін өзгертуге тырысады. Менің халқыма тілерім, Оразадан оразаға төрт көзіміз түгел жете берейік.




Рамазан Стамғазиев, әнші:

– Соңғы 15 жылда қатарынан 12 жыл үзбей Ораза ұстадым. Кейінгі 2 жылда белгілі себептермен ауыз бекітуге мүмкіндігім болмады. Биыл да денсаулығыма, жекелеген жұмыстарыма, жол жүруіме байланысты Ораза ұстай алмайтын болып отырмын. Бірақ менің жұбайым, қызым, шешем биыл Ораза ұстауға ниеттеніп отыр. Рамазан айында Ораза тұта алмасам да, осы қасиетті айда жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға көмек беруге ниеттеніп отырмын. Жылда ауызашар береміз. Ағайын-туыстың басын қосып, дастархан басында өнегелі әңгімелер айтып, бір-бірімізге деген өкпе-ренішіміз болса кешіріп, көңіліміз көкке жетеді. Рамазан – күллі мұсылман үшін үлкен мереке. Сондықтан осынау айлардың падишасы Рамазан айында еліміз тыныш, халқымыз аман болсын деп тілеймін. Келесі Рамазан айына аман-есен жетейік, жүрегімізде иманымыз, Аллаға деген сеніміміз күшейе берсін!

Айнұр Сенбаева

4 пікір
Мұрағат