New-York Times: Қазақстан ірі экологиялық апат алдында тұр
New-York Times: Қазақстан ірі экологиялық апат алдында тұр
12 күн бұрын 422 ҚР география институты

Ғаламдық жылыну бізді айналып өтеді деп ойлайтындарға арналған ақпарат. New-York Times басылымы "Тұйықcу" мұздығының ұзақ мерзімді зерттеуін жариялап, алдағы экологиялық апаттың алдын алу үшін ел билігін осы кезден бастап қимылдауға шақырды. Бұл жайында stan.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Америкалық басылымның тілшісі Генри Фаунтэн Қазақстанға саяхаты кезінде ғаламдық жылынудың зардабын өз көзімен көрген.

Ол 20 жылға жуық Тұйықсу мұздығын назарынан тыс қалдырмаған ағылшын ғалымы, мұздықтанушы Мария Шахгеданова туралы тілге тиек етті. Тұйықсуды зерттеу ғаламдық жылынудың әлемдік мұзға тигізіп жатырған әсерін бақылауға көмектеседі. 

Мұздақтар ғасырлар бойы жиналып, қатты қысылған қардан тұрады. Олар үнемі өзгеріп тұрады, жыл сайын қыста түскен қар жазда ериді. Дегенмен соңғы жылдары түскен жауын-шашын еру жылдамдығына ілесер емес. Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тауларда орын алып жатқан құбылыс қазір әлемнің барлық мұздықтарында да болып жатыр. 

Соңғы бірнеше жылда "Тұйықcу" мұздығының суы үш есе азайып, қатты қарқынмен еріп жатыр.

Осындай қарқынмен кете беретін болса, 20 жылдан кейін Қазақстан күрделі экологиялық проблемаларды бастан кешіреді, бірақ, біз «біздің ғұмырымызға жетеді» деген қағидат бойынша өмір сүруге дағдыланғанбыз. Сондықтан ештеңе алаңдатпайды.

"Тұйықcу" мұздығы Орталық Азияның бүкіл экожүйесімен тікелей байланысты болғандықтан оның еруінің салдары біздің елімізге ғана әсер етпейді. Сарапшылар бұл су тасқыны, т.б. экологиялық апаттарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.  

Экологиялық апаттың алдын қалай алуға болады?

«Суды басқара бастаңыз», - деп жазады New York Times тілшілері.

Олар бізге тау суы ағатын кеңестік заманның ескірген каналдарын су ағынын реттей алатын, оның шамадан тыс мөлшерде пайдалануын болдырмайтын жаңасына ауыстыруға кеңес береді.

Артық пайдалану туралы сөз еткенде олар мысал ретінде  егістіктерге қанша су қажет екенін білмейтін, бұрынғы әдіс-тәсілдер арқылы суаратын жергілікті фермерлерді келтірді.  

"Суды ұқыпсыз пайдаланудың зардабы орасан болуы мүмкін, сондықтан біз барлық жауапты органдардан бұған назар аударуды сұраймыз", - делінген ақпаратта.

Мақалада отандық фермерлердің суды үнемдеп жұмсауға арналған тәсілдерді қолданғысы келетіні, мұның маңыздылығын түсінетіні, алайда, мемлекет тарапынан арнайы қолдау мен бағдарламалар болса екен деген тілектері туралы айтады. 

0 пікір
Мұрағат