Мектеп оқушысы екпеден кейін ес-түссіз он күн жатты
Мектеп оқушысы екпеден кейін ес-түссіз он күн жатты
2 жыл бұрын 747

Шымкентте қызылшаға қарсы екпеден кейін мектеп оқушысы он күн аурухана төсегіне таңылып, комаға түсіп, ес-түссіз жатты. Бұл жайында Tengrinews.kz ақпарат көзі «Жетінші арнаға» сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Сағындық Жанысбаев есімді 16 жастағы бозбалаға екпе үстіміздегі жылдың ақпан айының 19-ы күні мектептегі медкабинетте жасалған. Яғни, елімізде билік тарапынан екпе жасауды тоқтата тұруға пәрмен берілгеннен кейін жасалғанын ескерсек, осы процедураны орындаған 4-ші емхана қызметкерлерінің бұл қадамын қалай түсінуге болады? Жасөспірімнің айтуынша, сол күні ол оқитын сыныптағы 11 оқушыға, кейбіреуінің бас тартқандарына қарамай екпе жасаған. Сондай-ақ, ол өзіне екпе жасалғанына он минут өткеннен кейін басының қатты ауырғанын және қалтырағанын, қысқасы, өзін жайсыз сезінгенін, артынан есінен танып қалғанын жеткізді. Екпе жасаған дәрігерлер бозбаланың екпеден кейін неге мұндай күйге түскенін нақты түсіндіріп бере алмады. Естеріңізге сала кетейік, Шымкент шаһарында ақпан айының 23-і күні тоғызыншы сынып оқушысы қаза тапқан. Қыршынынан қиылған жасөспірімнің өлімін ата-анасы қызылшаға қарсы екпеден көріп отыр. Ал Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі оның ажалының менингиттен болғаны туралы мәлімдеме жасады.

0 пікір