Медсақтандыру қоры: Жұмыссыздар жарна төлемейді
Медсақтандыру қоры: Жұмыссыздар жарна төлемейді
7 жыл бұрын 3049 bag.kz Қымбат Елтайқызы

Медициналық сақтандырудың енгізілуіне санаулы айлар ғана қалды. Дегенмен, көпшілік жұмыссыз азаматтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет төлейтінін біле бермейді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік Байжүнісов кімдердің жарна төлейтінін-төлемейтінін мәлім етті. 

«Егер адам жұмыссыз болса, Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссызбын деп мiндеттi түрде тіркелуі керек. Тіркелген азаматтарды мемлекет сақтандырады», - деді Е.Байжүнісов.

Маманның айтуынша, жалпы, мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Олардың саны 10,1 млн адам. Бұл топқа: балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін тұлғалар; бала (балалар) туу, жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алу, үш жасқа дейін бала күтімімен айналысу үшін демалыста отырған тұлғалар; 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысып отырған жұмыс істемейтін тұлғалар; зейнетақы алушылар; соның ішінде, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ҰОС мүгедектері; сот үкімі бойынша қылмыстық-түзету (пенитенциарлық) жүйесінде (қауіпсіздігі минималды мекемелерді қоспағанда) жазасын өтеп жатқан тұлғалар; тергеу изоляторында отырған тұлғалар; жұмыссыз оралмандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; мүгедектер; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқан тұлғалар; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерін бітірген тұлғалар (олар оқу аяқталғаннан кейін үш ай бойы жарна төлемейді) жатады.

«Сақтандыру жүйесін енгізу – бүгін аяқ астынан қабылданған шешім емес. Өйткені, сақтандыруға өту үшін біздің жүйе 10 жылдай жұмыс істеп келе жатыр. Денсаулық сақтау саласында әр адамның жеке басын есептеп, оның немен ауыратыны туралы бағдарламалар толық жасалған. Яғни, қазір біздің жүйемізде 17 млн астам қазақстандық, жаңа туған баладан қарияға дейін тіркеуде тұр. Ендігі міндетіміз – тұрғындарды санаттарға бөлу. Негізі ол біздің жүйеде көрінген. Әр санатқа мемлекет қанша төлейді, жұмыс беруші мен басқа санаттар қанша төлейді, соның барлығын дұрыс есептесе, ешқандай қиындық туындамайды. Ертең біреу есепке кірмей, далада қалып қоя ма деген үрей бекер», - деді Байжүнісов.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың шілдесінде әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет жарна төлей бастайды. Осы кезеңнен бастап жұмыс берушілер де жұмыскерлері үшін жарна төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны 2018 жылдың 1 қаңтарынан төлесе, 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыскерлердің өздері жарна төлей бастайды.

0 пікір
Мұрағат