Мақсат – білім шашу
Мақсат – білім шашу
3 жыл бұрын 2570 islam.kz

Қадірлі оқырман, біз сіздерге «ISLAM.kz» дейтін сыбағасы мол жаңа сайт ұсынып отырмыз. Алла қаласа, бұл портал ақпараттық һәм танымдық  құрал ретінде ұлт руханиятына өз үлесін қосады деген үмітіміз зор. Өйткені, қазіргі таңда дана бабамыз Абай айтқандай, қазақтың малынан бұрын,  миына талас жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, байырғы ата-бабамыздан келе жатқан ізгі менталитет, қазақы салт-сана бұзылып бара жатыр. Ұлт болудың алтан діңгегі – салт-дәстүр, имани тәлім-тәрбие,  қазақи болмыс-бітім бүгінгі жаһандану дәуірде келмеске кетіп бара жатқандай.

Осы орайда, тағы да Абай атамыз өзінің 39-шы қара сөзінде, «Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болғанымен, бұл замандағылардан артық екі мінезі бар еді.  Аталарымыздың осы екі тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді» деген екен. Дана бабамыздың мұндағы айтып отырған екі мінезінің әуелгісі, қазақтың бір-біріне деген сыйластығы болса, екіншісі – намысқорлық, яки ат аталып, түс түстелген жерде қазақ өкпе-ренішті жиып тастап бір тудың астында күш біріктіруі екен.

Сондықтан да біз өз оқырмандарымызды бірлік пен берекеге шақыратын, ат аталса атойлап намысы оянатын құнды дүниелерді ұсынбақпыз. Нақтырақ айтқанда, жалған намысты емес, имани намысты қозғайтын һәм қорғайтын байыпты-байсалды мақалалар  жариялайтын боламыз. Осы арқылы қазақ қоғамын шынайы исламның мөлдір бұлағымен сусындатып, «дін мен дәстүр» ұстанымы аясында бас біріктіруге күш жұмсайтын боламыз.

Алты алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Біздің  идеал – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, бұл өзі игілікті дамудың негізі болғандықтан осы мұратты орындау жолында тер төккен абзал...»- депті. Демек біздің де мақсат-мұрат жоғардағы Ахаң айтқан өсиеттен алыс кетпейді.

Шығармашылық ұжымның тағы бір қатаң басшылыққа алып отырған тақырыбы – отбасы тәрбиесі, яғни қоғамдағы әке-шешенің орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндет-борышын, отбасы институтындағы қазақ қоғамының қазіргі таңда жіберіп отырған қателіктері мен еріксіз душар болған қасіретін және оның педогогикалық, психологиялық тұрғыдан шешу жолдарын: нақты ғылыми негіздерге сүйене отырып, әрі дінімізде көрсеткен ізгі амалдарды ұсынау арқылы насихаттауды қолға алмақпыз. Отбасы дегеніміз – кіші отан, мемлекеттің бір ағзасы. Ағзасы аман, дені сау ел ғана баянды болашаққа қадам жасары айтпаса да түсінікті.

Сонымен қатар "Ататаным", "Атамұра" деген айдарларда халқымыздың генетикалық болмысында бар, көне ғұрыптық сана-түсінігіндегі адами һәм имани іс-әрекеттерді баяндайтын әрі мәні терең ұлттық мұраларды, этнографиялық қазыналарымызды танытатын дүниелерді ұсынып отыратын боламыз. Бұл тақырып та оқырмандарымыздың ықыласын оятады деген үміт бар.

Дін мен ғылым егіз ұғым. Құранның алғашқы аяты "Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!" деп түскені баршаға аян. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыздың "Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық..." дегені де жоғардағы аятпен мазмұндас. Алланың өзі ұйғармаған, дінге қайшы келетін ғылым атом бомбасы болып жарылады, ал, былайғы күнде қоғамды азғындатып, яғни әкесіз дүниеге бала әкеліп, қылаяғы еркекпен еркекті некелестіріп тынады. Шәкерімнің "Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын, демеске бара жатыр ішіп толып..." дегені әсте бекер емес. Кеңес өкіметі кезінде "Дін ғылымның атасы" деп жар салған ақиық ақын Мұқағали мұны өте тамаша жеткізген.

"Ғылым да бар дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Қол ұстасып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар"

Порталымыздың "Ислам және Ғылым" атты айдарында дін мен ғылымның өзара сабақтастығын дәлелді де дәйекті деректермен ұштастыратын мақалалар жарияланатын болады.

Жалпы баспасөз, соның ішінде танымдық ақпарат беруші құрал өзінің  қоғамдық ой-пікірлерді қамти алатын алуандығымен ерекшеленді. Демек, біздің сайт ұжымы тек жоғардағы тақырыптар аясында шектеліп қалмай, күллі адамзатқа, соның ішінде ислам дүниесіне ағартушылық еңбегімен танылған тұлғаларды таныстыра отырып, олардың үлгі-өнегесін жас буынға насихаттауды қолға алатын болады.

Сайт оқырмандары «Сұрақ-жауап» айдары бойынша әркім өзін толғандырып жүрген түрлі сауалдарға дер кезінде жауап алып отырады. Бұл істі Ханафи мәзһабы негізінде шариғат үкімдерін жақсы білетін маман Әбдісамат Қасым жүргізеді. «Сөз патшасы» айдары арқылы бұрынғы және бүгінгі ақындарымыздың сүбелі жырларымен таныса отырасыздар. Ал, «Иман әліппесі» бұрышы жаңадан құлшылық-ғибадат істеріне бет бұрып, ислам құндылықтарымен сусындауға ниет еткен бауырларымызға арналып отыр.  Мұнда алғашқы иманшарттары мен құлшылық амалдарды атқарудың жөн-жосығы баяндалады.

Өз оқырмандарымызды соңғы және ғаламдық жаңалықтармен де қамту жайы көзделген. Кейбір қоғамдық көкейтесті тақырыптарға да мамандық сараптау жүргізу арқылы шешімді түйін, қортынды  жасау жайын да назардан тыс қалдырмаймыз. «Видео-аудио» бөліміне оқырмандардың көңіл қуанышын қанағаттандыратын бейнелі сюжеттер тұрақты беріліп тұратын болады.

«Бас редактор бағаны» атты арнайы бөлімде: "Көптен көрінбей кеттіңіз, өзіңізбен имани сұқпаттассақ" деп жүрген бауырларымыздың менімен тікелей тілдесу мүмкіндігі қарастырылған. Құдай қаласа, мүмкіндігіне қарай бұл бөлімде қысқа-нұсқа және танымдық ой-тұжырымдарымды  жариялап отырмақпын. Сондай ақ видео сұқбаттарым да жарық көрмек.

Сөзімді түйіндеп айтар болсам:  атақты ұлт зиялысы Әлихан Бөкейханов «Әр ұрпақ  өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген. Демек, әрбір ұрпақ өз жүгін қал-қадірінше көтергені жөн. Біле-білген адамға қазіргі қазақ баласына арттылып отырған жүк өте ауыр. Ата-бабамыз айтқандай, «нар жолында жүк қалмас...».

Жалпы барлық мұсылман жұрты жақсы білетін мынадай бір шариғат хиссасы бар. Бірде залым Нәмрұд патша Ибраһим пайғамбарды  отқа өртемек ниетпен лапылдап тұрған қызыл жалынның ортасына тастайды. Осы сәтте кішкентай қарлығаш тұмсығына тамшы суды іліп әкеліп әлгі отқа себеді.  Мұны көргендер:  "Әй ақымақ қарлығаш! Сен мына отты тұмсығыңа ілген бір тамшы суыңмен сөндірмексің бе?" деп сұрайды. Сонда қарлығаш: "Иә, мына лаулаған жалынды сөндіре алмайтынымды мен де білемін. Менікі тек кімге жақтас екенімді аңдату, ниетімді білдіру" деген екен.

Ендеше, ұлт алдындағы осынау үлкен міндетке аз да болса өз үлесімді қосу үшін, жазып жатқан докторлық ғылыми жұмысыммен қатар дін насихатын ғаламтор арқылы бірге алып жүруге бел буып отырмын. Қазіргі заман ағартушылық заманы. Қазаққа не келсе де, сауатсыздықтан яки нұрлы ақылдан ада надан ғылымнан келді. Ахмет Байтұрсынұлының «Адамдықтың егінін шаштым ектім, көңілін көтеруге құл халықтың» дегені көңілге көп ойдың салмағын салары ақиқат.

Қайрат Жолдыбайұлы,
ҚМДБ наиб мүфтиі, "
ISLAM.kz" ұлттық,
рухани ағарту порталының Бас редакторы

6 пікір
  • Ассаламу алеуйкум! Сізге Аллаh разы болсын! Қызметіңізге береке, үй-ішіңізге амандық тілеймін!
    3 жыл бұрын
  • Ассалаумалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Сизге Алла Тагалам разы болсын! Сайтыныз кутты болсын!
    3 жыл бұрын
  • Білім керек ағайындар! Сайттың бағыты дұрыс екен!
    3 жыл бұрын
  • Әлһамдулилляһ Аллаһ разы болсын сіздеге!
    3 жыл бұрын
  • Ассалямуалейкум! Қатты қуаныштымын!!! Біраз жыл бұрын жарыққа шыққан "АҢСАР" атты журналыңыздың жаңа әрі тынысы кең түрі, яғни портал болып ашылғынына тағы да қуаныштымын!!! Жүгі ауыр, сауабы мол істің бірі. Біздей іні-қарындастарыңызға Сіздерден алған үлгі-насихаттың жаршысы болуға Алла нәсіп етсін. Алла береке берсін! Көз алдымызғы қайта оралғаныңызға Аллаға шүкір!!! Отбасыңыз бен халқыңызға амандық тіледім!
    3 жыл бұрын
  • Ассалаумалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Алла бастаған істеріңізге береке берсін! Қайрат аға сізбен қайта жүздескенімізге өте қуаныштымыз!
    3 жыл бұрын
Мұрағат