Малайзиялық Шакира «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқуды армандайды
Малайзиялық Шакира «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқуды армандайды
2 жыл бұрын 2132

Малайзиялық Шакира Неджла Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқуға қызығушылық танытуда. Әпкесі Азза Муиассарамен қазақ еліне алғаш осы желтоқсанның 23 жұлдызында саяхаттап келген малайлық қос ару әуелі Алматының көрікті жерлерін тамашалап, мешіттерге зиярат жасапты. Асқар Алатауды көріп таң-тамаша қалған малайзиялық қонақтарға әсіресе «Нұр-Мүбәрак» университетінің қалашығы ерекше әсер етіпті. Әрі Малайзияның  Халықаралық «Медина»  университетінің дипломдық бағдарламасы бойынша екі жылдық оқуын тәмамдаушы он сегіз жасар Шакира Неджла ары қарай жоғары білімін «Нұр-Мүбәракта» жалғастырсам деген ниеті барын университет басшылығына жеткізуде жөн көрген. Осыған орай, университеттің проректоры, доктор, профессор Шамшәдин Керім мырзаның қабылдауында болып, өз ұсыныстарын айтты. «Нұр-Мүбәрак» университетіннің оқу жоспары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талабына сай екендігін ескерсек, әрбір студент «Қазақстан тарихынан» мемлекеттік емтихан тапсыру секілді еліміздің жоғары білім стандарттарына сай ерекшеліктерін  атап өтті. Әлбетте, «Нұр-Мүбәрак» университетіне өзге елдерден келіп оқу тәжірибесі болғанымен, ол тек шет елдегі қазақтарға қатысты мәселе, тіпті оларға қолдау көрсету мақсатында арнайы жеңілдік гранттар да қарастырылған. Ал мемлекеттік тілден мүлдем бейхабар малайзиялық арудың «Исламтанудың» бакалавр бағдарламасын «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқимын деген ниеті екі елдің  оқу бағдарламаларындағы айырмашылықтар мен талаптарды ескеру  қажет ететіндіктен, бұл мәселе алдағы уақыт еншісіне қалдырылды.

«Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Ш. Керім мырзаның айтуынша, университетте оқуға өзге елдерден ниет етушілер көбейіп келеді. Сондықтан шет елдіктердің  «Нұр-Мүбәракта»  білім алу мәселесі болашақ билігінде. Өйткені ашылғанына небәрі 13 жыл болған университетте елімізге қажетті исламтанушы, дінтанушы мамандарды даярлап, қамтамасыз етудің өзі   мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі болып тұр.

Ал елімізге қызығушылықтарын танытқан  малайзиялық қос аруды қазақтың қонақжайлылығымен таныстырып, оларға жолсерік болған «Fattah education» компаниясының өкілі Лаура Жакитованың айтуынша, Шакира мен Аззаның ендігі бағыты Өзбекстан  екен. Самарқан, Бұхара, яғни хадис ілімінің ғұламасы Бұхаридың өмір сүрген өлкесімен танысуға ерекше асыққан малайлық қыздардың  қазақ еліне ықыласы ерекше ауған секілді. Бірнеше елдермен іскерлік байланысы бар Шакираның әпкесі Азза Муиассара өз кәсібінен бөлек Қасиетті Құран үйренуге қатысты жаңа методиканы дәріптейтінге ұқсайды. Яғни Ислам дінінде жан-тәнімен құлшылық етіп қана қоймай, қолдау көрсетуге қашанда құштар. Сондықтан, Құран тәжуидін тез меңгеруге қатысты тәсілді болашақта біздің елге жеткізуге ниетте.

Айша Кеңесбай,

«Нұр-Мүбәрак» университетінің баспасөз қызметі

1 пікір