Коммуналдық қызмет төлемдері: Жиі жіберетін қателер
Коммуналдық қызмет төлемдері: Жиі жіберетін қателер
5 жыл бұрын 2664 Молдир Калыкова

Қазақстандықтардың көбі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің түбіртегін алғанда оған аса назар аудармайтыны рас. Қызмет бағасы әдеттегіден асып кеткен жағдай болмаса, көбіміз түбіртекте қате кетіп қалуы мүмкін деп ойламаймыз да. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі түбіртекте бірінші кезекте неге назар аудару керектігін немесе белгілі бір қызмет түрінің қымбаттап кеткенін байқаған жағдайда не істеу қажеттігін анықтап көрді.

Мамандардың сөзіне қарағанда, коммуналдық қызмет түрлеріне артық ақша төлемеу үшін бірінші кезекте ай сайын келіп түсетін түбіртекті мұқият қарап, тарифтерді біліп жүру қажет. 

ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" кодексінің 31-бабына сәйкес, көппәтерлі үйдің әрбір тұрғыны ай сайын тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін төлеуге міндеттеледі. 

Түбіртекте неге назар аудару қажет?

Бірінші кезекте, алдыңғы айдағы түбіртекпен салыстыру қажет. Айтарлықтай айырмашылық болып жатса, тұрғын үй-эксплуатациялық ұйымдарға немесе басқарушы компанияға бару керек. 

"Қызмет түрлері". Екінші кезекте, түбіртекте көрсетілген қызмет түрлерін ("қызмет түрлері" деген графада) қарап шығу керек. Онда кейбір қызмет түрлері тіпті көрсетілмеуі де мүмкін екен. Әр тармақты мұқият оқып шыққан жөн. Cонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, белгілі бір қызмет түрлеріне немесе тарифке қатысты өзгерістер міндетті түрде пәтер иелерінің жалпы жиналысында талқылануы тиіс. Онсыз тарифті жоғарылату зансыз (рұқсат етілмеген) болып саналады екен.

"Ағымдағы жөндеу". Бұл графада инженерлік жабдықтарға, ғимарат конструкциясының элементтері мен үйді газбен қамтамасыз етуге қатысты шығындар тізбектеледі. Бұл қызмет түрлерін есептеудегі ерекшелік - мұндағы тарифтер пәтердің жалпы ауданына көбейтіледі. Одан өзге тариф жоқ.

"Күрделі жөндеу". Бұл жерде әрбір өңірдің өз тарифі болады, барлығы ортақ тариф жоқ. Дегенмен барлық тұрғын күрделі жөндеудің шығынын төлеуге міндеттеледі және оны төлеуден ешкім бас тарта алмайды. Тағы бір ескеретін жайт, ыстық және суық су, ыстық және суық су құбырларының жүйесі, жылыту және газ тарифтері үйде орнатылған есептегіш құралдағы көрсеткішпен сәйкес келуі тиіс. Және ең бастысы үйде тіркелген адамдардың саны бойынша есептелуі қажет.

"Үйге ортақ қажеттіліктер". Бұл графада көппәтерлі үйлердің тұрғындарына көрсетілетін барлық шығын көрсетіледі - кіреберісті тазалау, қоқыс шығару, дмомофон сияқты қызмет түрлерінің шығындары есептеледі.

Түбіртекте жиі жіберетін қателер

Сарапшылардың айтуынша, түбіртектерде мына қателер жиі кездеседі:

- үйдің кіреберісін тазалау, күрделі жөндеу тарифтерін бірнеше есеге жоғарылату. Басқарушы компания түбіректе бес қызметкердің жұмыс істейтінін көрсетіп жатады, алайда, расында оның барлығын тек бір адам орындауы мүмкін;

- пәтер иесіне көрсетілмейтін қызмет түрлеріне төлем талап етуі мүмкін;

- түбіртекте алдыңғы айдағы тарифтер қосылып кетуі мүмкін (бірақ, ол төленіп қойса, пәтер иесі шотты апарып көрсетуі қажет).

 

Түбіртекте қандай себептермен қателер кетуі мүмкін?

Мамандар мұны мына себептермен түсіндіріп отыр. Айтуларынша, коммуналдық қызмет түрлерінің төлемін арнайы компьютер жүйесімен есептеп шығарады. Онда кейде техникалық ақаулардың болатыны рас. Сол кезде тариф айтарлықтай төмендеп немесе жоғарылауы мүмкін. Екінші кезекте, компаниялардың барлығы адал жұмыс істемеуі мүмкін. Олар өз пайдасы үшін мүлде көрсетілмеген қызмет түрлері үшін төлем талап етеді. Тағы бір себеп ретінде оператордың алаңғасарлығы айтылады. Яғни, коммуналдық қызмет төлемдерін аударатын жүйемен жұмыс істейтін адам қателесіп кетуі мүмкін.

 

Түбіртектен қате тапсаңыз не істеу керек?

Түбіртекте қызмет көрсету түрінде немесе тарифте қате байқаған жағдайда бірінші кезекте басқарушы компанияға хабарласау керек. Онда төлемді қайта есептеу үшін арыз қалдыру керек болады. Арызда мына себептердің бірі көрсетілуі тиіс:

- түбіртекте үйге көрсетілмейтін қызмет түрлері қосылып кеткен болса;

- ведомствода жоқ қызметкердің жұмысына ақша талап етілсе;

- тарифтер хабарландырусыз немесе себепсіз жоғарылаған жағдайда;

- басқарушы компания үй қызметтерін дұрыс көрсетпей, міндеттерін тиісінше орындамаса.

Бірақ, заңгерлердің сөзіне сүйенсек, компания өз қателігін мойындамаса, тұтынушы сотқа жүгіне алады. Заң бойынша басқарушы компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екінші тарап моральдық өтемақы ала алады екен.

Биылғы тарифтер қандай?

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірінде дерлік коммуналдық қызметтердің тарифі төмендейді. Осылайша, мысалы, ауданы 60 шаршы метрлі 2 бөлмелі пәтерде тұрып жатқан үш адамнан тұратын отбасының орташа есеп шотының төмендеуі мынадай болады:

Алматыда орташа есеппен коммуналдық қызметтер үшін - 14 483 теңге. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа төлем - 13 128 теңге. Осылайша, министрліктегілердің мәліметінше, коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу шамамен 9 700 теңге болмақ ;

Шымкентте орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 13 788 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем - 12 447 теңге;

Ақтөбеде орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 11 405 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем - 10 336 теңге;

Өскеменде орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 6 654 теңге. Биыл 1 қаңтардан бастап орташа жалпы төлем - 6 341 теңге;

Таразда орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 10 471 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем - 9 665 теңге;

Оралда орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 10 910 теңге. 1 қаңтардан бастап төлем - 9 875 теңге;

Қызылордада  - 9 153 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем - 8 288 теңге;

Петропавлда орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі - 10 857 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем - 10 474 теңге.

0 пікір
Мұрағат