Көкшетаудың саясындағы сексен көл жарамсыз күйге айналып жойылуы мүмкін
Көкшетаудың саясындағы сексен көл жарамсыз күйге айналып жойылуы мүмкін
8 жыл бұрын 7217 31.kz Қ.Көпей, В.Полянный

Кезінде алаштың арда ақыны Сәкен Сейфуллин жырға қосқан Көкшетаудың саясындағы сексен көл жарамсыз күйге айналып жойылуы мүмкін. Табиғатқа қауіп төнді деп дабыл қаққан мамандар, мұның себебін қытайдан келетін синтетикалық аулармен байланыстарады. Жіптен емес, судың астында жүз жыл жатса да шірімейтін синтетикадан тоқылған аулардың кесірінен, балықтар жаппай қырылып, көлдер әлден өлекселермен ластанып жатқан көрінеді. Көл жағасындағы күл-қоқыс пен көлдегі заңсыз ауларды тазартуға табиғатты қорғау полициясының шамасы жете бермейді. Сондықтан, бұл мәселені шешуге «ватсап» арқылы байланыс орнатқан балықшылар қоғамы көмек қолын созған. Тіпті, осы жылдың өзінде синтетикалық ау құрған екі браконьерді ұстауға да жәрдемдесіпті. Айтуларынша, синтетикалық ау көл суының ластануына қатты әсерін тигізеді. Азамат Темірғалиев, Балықшылар қоғамының мүшесі: - Егер кәсіпқой балықшы болатын болса ау жіптен тоқылған болу керек. Ол суда қалып қоятын болса жарты жылдан соң шіріп, табиғатпен араласып, сіңіп кетеді. Ал егер жанағы лескадан болатын болса, ол шірімейді, сөйтіп ондағы балықтар шіріп, өлекселері суды лайлайды. Еріктілер жыл басынан бері Көкшетау қаласы айналасындағы көлдерден 200 километр қытай ауларын жинаған. Заң бойынша мұндай аумен ұсталған тәртіп бұзушыларға 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік жаза қарастырылған. Венера Мусина, жергілікті табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы: - Жыл басынан бері балық аулау тәртібін бұзуға байланысты 103 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ол бойынша 1 миллионнан астам айыппұл салынды. Тыйым салынған ауларды қала дүкендерінде жасырын түрде сататын көрінеді. Алайда, мораторийге байланысты оларға қатысты тексеріс жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр дейді,- полиция қызметкерлері. Айта кету керек, қармаққа байланысты да заң талаптары қарастырылған. Бір адамға бес қармақтан артық пайдалануға болмайды және балық салмағы бес келіден аспау керек.

0 пікір
Мұрағат