Жер тек Қазақстан азаматына ғана жалға беріледі
Жер тек Қазақстан азаматына ғана жалға беріледі
8 жыл бұрын 2570 Baq.kz Жалғас Зейноллаев

Әр қазақстандыққа жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін беру мәселесі жуық арада шешіледі. Бұл жайында ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжахан Бимендина мәлімдеді. 

Әр қазақстандық тегін 10 сотық жерге иелік етуге құқығы бар дегенді әркім естісе де, сол жер телімін алу не себепті қиынға соғатындығын жете түсіне бермейді. Бар гәп заңсыз жер иеленушілерде болып шықты.

«Ел азаматтарын 10 сотық жер телімімен қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі – елді мекендер аумағында бос жерлердің болмауы. Ал, бұған дейін қамтылған жерлерді алу мәселесі ағымдағы заңнамада қарастырылмаған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың заңдылығын тексеру барысында 3 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, сол жерлер мемлекетке қайтарылды», - дейді Гүлжахан Бимендина.

Бүгінгі таңда қызу талқыланып жатқан Жер кодексіне енгізілгелі отырған өзгерістер жайлы да сөз етілді.

«Жаңа заңнамада халық сұранысына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылған. Енгізілгелі отырған өзгерістер тек халық мүддесін қорғайды. Тағы бір айта кететін жайт, жерді тек Қазақстан азаматтары ғана жалға алуға құқылы », - деді Гүлжахан Амангелдіқызы.

0 пікір
Мұрағат