Жамбыл облысынан Керей ханның қыстауы табылды
Жамбыл облысынан Керей ханның қыстауы табылды
1 жыл бұрын 931 © 550kazakhan.kz

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан Керей ханның қыстауы болған жер табылды, - деп хабарлайды "24.kz".

Ақпарат құралының мәліметінше, бұл жаңалықты ғалымдар тарихи-археологиялық экспедиция жұмысы кезінде ашты. Қазір олар толық ақпарат жинау үшін сол жерді зерттеуге кірісті. Археологтар тұңғыш рет "Ұлы көштің жолы" атты жаңа карта жасап шығарды. Осылайша, ғалымдар Қазақ хандығының 550 жылдығына екі бірдей тың жаңалық әзірлеп жатыр.

"Ғалымдар уақыттың тығыз болуына байланысты зерттеу жұмыстарын Жамбыл жерінен бастады. Олар Ұлы көштің Әулиеата өңірі арқылы жүріп өткен жолының картасын жасап шықты. Онда көштің бағыты, Қазақ хандығына қатысты жер-су атаулары, тарихи орындар мен археологиялық ескерткіштер түсірілген", - делінген жарияланымда.

Ғалымдардың сөзіне қарағанда, сапар барысында сол кезеңнің куәсі болған 4 қалашық пен 5 тарихи ескерткіш картаға түсіріліп, ғылыми сипаттама жасалды. Ал негізгі жаңалық Мойынқұм ауданындағы Хан тауында ашылды. Ғалымдар бұрын-соңды нақты ғылыми деректермен негізделмеген Керей ханның қыстауы болған жерді тапты. Бұл орта ғасырдағы және хандық дәуірдегі қазақ тарихы үшін тың жаңалық болып отыр.

Экспедиция мүшесі Мадияр Елеуовтің айтуынша, қыстау Қазақ хандығы кезіне жататын, тастан қаланған 8-9 бөлмеден тұрады.

"Қалыңдығы - 2 метр. Тастан қаланған қабырғасы бар. Бұл - қолда бар дерек. Сондықтан осы экспедиция өзінің алдына қойған мақсатына толықтай жетті деп ойлаймын", - дейді ол.

Айта кетейік, сонымен бірге ғалымдар Керей мен Жәнібек Хан тауында жерленуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Оны анықтау үшін археологтар қайта зерттеу жүргізіп, экспедиция сапарын жалғастырмақшы.

0 пікір