Хиджама ем түрінің қалай жүргізілетінін ДСМ қадағалай алмай отыр
Хиджама ем түрінің қалай жүргізілетінін ДСМ қадағалай алмай отыр
6 жыл бұрын 5692

Бүгінде ауыра қалса емшілер мен шипагерлердің қызметіне жүгінетіндер саны артып келеді. Дәстүрлі медицинаны емес, халықтық емді қолай көретіндер әсіресе хиджама деп аталатын емдеу тәсілін таңдайды. Сорақысы сол, адам денесінен артық қанды шығару арқылы жасалатын процедура бақыланбайды екен. Бұл ем-шара қалай, қайда жасалады? Оны қандай мамандар атқаруда? Осы жағын қадағалайтын құзырлы орган жоқ көрінеді. Мәселені "Астана" телеарнасының тілшілері зерттеп көріпті.

"Жүз ауруға бір ем - хиджама" деушілер көп. Арам қанды денесінен алып тастау арқылы дертінен сауыққандар да аз емес көрінеді. Тіпті, бұл тәсілге кейбір дәрігерлердің өздері де жүгінеді екен. Оған тосқауыл жоқ. Десе де дәстүрлі емес медицинаның бұл түрі терең зерттеуді қажет етеді. Ең басты талап - хиджама тәсілін арнайы білімі бар маман жасауы керек. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген дәрігерлер осындай пікірде.

"Ол дәрігер маман болуы керек. Өйткені, қалаған точкадан микроб кіреді, инфекция кіреді. Ауру үстіне ауру жамап алуы мүмкін болады. Қазір ақшаның көзі қылып, анау бұрышта, анау жерде, үйде, мешіттің ішінде алып жатыр. Енді жанын баққан да дұрыс шығар. Бірақ, халыққа зиян ғой", - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы.

Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицинаның қызмет сапасын тексеруге құқылы. Ал хиджама тәсілінің барысын қадағалау мүмкін болмай отыр, дейді мамандар.

Денсаулық сақтау министрлігінің өікілінің айтуынша бұл бағытта елге кім және қалай, қандай қызмет жасап жатқаны беймәлім. Дегенмен, тексеру жолдары жоқ емес.

"Олардың қызметін тек Кәсіпкерлік кодекс аясында ғана тексеруге мүмкіндік бар. Және тексеру жүргізу үшін нақты орын алған факті, зардап шегушінің шағымы тіркелуі керек. Яғни, адамның денсаулығына зиян келтірілді деген негіз болуы тиіс", - деп ескертеді ҚР ДСМ қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің басқарма басшысы Анар Мамаева.

"Демек хиджама емдеу әдісін жасаушылар кәсіпкерлер болғаны. Олар тиісті органдарға тіркеліп, салық төлеп отырса, қызметін атқаруға құқығы бар. Сондықтан таңдау өзімізде: дәстүрлі медицина, яғни жоғары білімді дәрігер мамандарға жүгіну немесе кәсіпкерлердің көмегі", - деп түйіндеді тілшілер.

0 пікір
Мұрағат