Ғалым Шойкин намазханалардың неге жабылғанын түсіндірді
Ғалым Шойкин намазханалардың неге жабылғанын түсіндірді
7 жыл бұрын 4169

Соңғы кезде Астанадағы қоғамдық орындардағы намазханалардың жабылуы әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсіп жатыр. Осыған орай ҚР Дін істері комитетінің Төрағасы Ғалым Шойкин төмендегідей мәлімет берді. Ол бұл мәлімдемесін намаз оқитын жұртшылықтың пікірін жеткізген Қайрат Жолдыбайұлының жазбасына пікір ретінде жазған, дейді BAQ.kz тілшісі. 

"Астана қаласындағы ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған кейбір ғибадат үйлерінің жабылуына қатысты:

Қазіргі уақытта Астана қаласының Дін істері басқармасымен ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған ғибадат үйлерін, соның ішінде құлшылық бөлмелерін (намазхана) құқық нормаларымен сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 5 бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналасуын келіседі.
Норма діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайларды, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналасатын жерін анықтау жөніндегі Инструкцияда қамтылған. Осы Инструкция ҚР Дін істері агенттігінің 23.07.2013 жылғы № 34 бұйрығымен бекітілген.
Аталған Инструкцияға сәйкес діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, Қарулы күштер, басқа да бөлімдер мен әскери құрылымдар, сот және құқық қорғау органдары, қылмыстық-атқару жүйесі және мемлекеттік мекемелерден ең аз 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс.
Белгілі болғандай, кейбір осындай үй-жайлар аталған талаптарға жауап бере алмайды. Осыған байланысты, Астана қаласы Дін істері басқармасының ақпараты бойынша, олардың қызметі үй-жайлардың қызмет көрсетуінің нақты параметрлері анықталғанға дейін уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар, жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен діни қызмет саласындағы нормативтік – құқықтық актілерді әзірлеу және жаңарту барысында діни бірлестіктер мен азаматтардың әртүрлі топтарынан түсіп жатқан ұсыныстар қаралады және мүмкіндігінше ескерілетін болады" - дейді Ғалым Шойкин өз сөзінде.

Естеріңізде болса бұған дейін Астанадағы СОСО мен түрлі қоғамдық орындардағы, әуежайлар мен вокзалдардағы намаз оқитын орындар (намазханалар) жабылған болатын.

0 пікір
Мұрағат